ҚР Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Е. Ашықбаевтың дүйсенбілік брифингте хабарлайтын ақпараттары (2007 жылғы 10 желтоқсан)
13-15 желтоқсанда Түркия Республикасының Президенті А.Гүлдің Қазақстанға мемлекеттік сапары жоспарлануда.
Сапар барысында жоғары мейманның Қазақстан Республикасының басшылығымен келіссөздері жоспарланған.
Сондай-ақ, Қазақстан мен Түркияның іскер топ өкілдерінің бизнес-форумы өткізіледі.
14 желтоқсанда Қазақстан делегациясы Мәскеуде өтетін Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының Экономикалық Кеңесінің 36-ші мәжілісіне қатысады.
Мәжіліс барысында ТМД шеңберіндегі ынтымақтастықты одан әрі дамыту жөнінде ауыл шаруашылығы, көлік және коммуникациялар саласының 20-ға тарта мәселесі қаралатын болады. Сонымен бірге ТМД жарғылық органдарының қызметтерін қаржылық қамтамасыз етуіне байланысты мәселелерді қарау, сондай-ақ Мемлекетаралық банкінің жұмысы туралы есепті тындау жоспарлануда.
10-13 желтоқсан аралығында Литва Республикасы Сейімінің Сыртқы істер жөніндегі Комитетінің төрағасы Юстинас Каросастың Астанаға жұмыс сапары болып өтеді. Сапар барысында литвалық делегация ҚР Парламентінің екі палатасының Төрағаларымен кездесуі жоспарлануда.
18 желтоқсанда Брюсселде «Қазақстан Республикасы – Еуропалық Одақ» Ынтымақтастық комитетінің 8-ші отырысы болып өтеді.
Отырыс жұмысына ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары, Комитеттің тең төрағасы Қ.Сарыбай бастаған қазақстандық делегация қатысады.
Кездесу шеңберінде екі жақты сауда, инвестициялық қызмет, ДСҰ-ға Қазақстанның кіруі туралы келіссөздер процесі, энергетика мен көлік саласындағы ынтымақтастық, сондай-ақ Еуроодақ пен Орталық Азия арасындағы «Жаңа серіктестік стратегиясын» іске асыру перспективалары сияқты ҚР мен ЕО арасындағы ауқымды мәселелерді талқылау көзделуде.
Жарияланған күні: 2007-12-10
|
 |