ЖАҢАЛЫҚТАР
Ү.ж. 17 желтоқсанда Ашхабад қаласында ҚР Тәуелсіздік күніне орай салтанатты қабылдау өткізілді
Үстіміздегі жылғы 17 желтоқсанда Ашхабадта Қазақстан Елшілігі Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігіне 17 жыл толуына орай салтанатты қабылдау өткізді. Рәсімге Түрікменстан Министрлер кабинеті төрағасының орынбасары - Сыртқы істер министрі, Түрікменстанның мемлекеттік органдарының өкілдері, шетелдік дипломатиялық миссияның басшылары мен қызметкерлері, қоғамдық жұртшылық, бұқаралық ақпарат құралдары және қазақ диаспорасының өкілдері қатысты.
Мемлекеттік мереке қарсаңында Түрікменстанның ресми басылымы “Бейтарап Түрікменстан” газетінде Қазақстанның Түрікменстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі А.Оразбайдың “Қазақстан-Түрікменстан: достық пен ынтымақтастық жолы” атты көлемді мақала жарияланды.
Салтанатты іс-шара шеңберінде қазақтың ұлттық саздары орындалып, Қазақстан Республикасының бүгінгі таңдағы әлеуметтік-экономикалық жетістіктерін баяндайтын қысқаметражды деректі фильм көрсетіліп, Қазақстанның экономикалық жетістіктерін, соның ішінде ел экономикасының түрлі салаларының дамуын көрсететін, фотографиялық материалдар ілінген фотостенд жасақталды.
Салтанатты рәсім Қазақстан Республикасы мен Түрікменстанның Мемлекеттік әнұрандарының орындалуымен басталды. Бұдан соң жиналған қауым алдында Қазақстан Республикасының Түрікменстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Асхат Оразбай сөз алып, Қазақстанның тәуелсіздік жылдары кезеңінде қол жеткізген табыстары туралы әңгімелеп берді. Қазақстандық Елші еліміздің ішкі және сыртқы саясатының негізгі тұстарын жан-жақты баяндап, сондай-ақ, жаңа тәуелсіз мемлекеттер арасында аса прогрессивті деп мойындалған, әлеуметтік саланы жақсартуға және ауқымды экономикалық және саяси өзгерістерге бағытталған ел басшылығының атқарған істерінің нәтижелері туралы атап өтті.
Баяндама барысында Қазақстан әзірлеген “Еуропаға жол” атты арнайы бағдарламаның негізгі ережелері баяндалды. Халықаралық сахнада Қазақстан жетістіктерінің жоғары бағалануының айғағы ретінде оның 2010 жылы ЕҚЫҰ төрағалығына сайлануы аталып өтілді.
Түрікменстан басшылығы атынан жауапты сөз алған Түрікменстан Министрлер кабинеті төрағасының орынбасары - Сыртқы істер министрі Р.Мередов, игілік пен өркендеу жөніндегі тілектерін айтып, Түрікменстан Президентінің Қазақстан халқы мен басшысына жолдаған құттықтауларын білдірді.
Р.Мередов қазақстандық Тәуелсіздік күніне қатысты жылы лебіздерін білдірді. Ол прогрессивті реформаларды жүзеге асыруда Қазақстан үлкен табыстарға жетті деп атап өтті. Министр сонымен қатар көне заманнан бері мәдени, тарихи және рухани туыстықпен бірлескен халықтарымыз арасында байланыстарды нығайтуға ел басшылары ерекше назар аударатынын растап, Түрікменстан Қазақстанмен өзара сындарлы ынтымақтастықты ұлғайтуға ерекше мән береді деп атап өтті. Түрікмен СІМ басшысы Қазақстан халықаралық сахнада Түрікменстанның барлық бастамаларын қолдау білдіріп келеді деп атады. Өз кезегінде Түрікменстан да Қазақстанды барлық бастамаларда қолдау білдіреді.
Р.Мередов біз тек көрші ғана емеспіз, біз ортақ түркі тегіміз біріктіретін бауырлас халықтармыз деп айырықша атап өтті.
Жоғары мәртебелі мейман екі ел арасындағы ынтымақтастықтың бағыттарын белгілеп, Қазақстан мен Түрікменстан арасындағы қол жеткізілген уағдаластықтар туралы баяндады. Ол Түрікменстан екі жақты ынтымақтастықты ең жоғары деңгейге көтеруге күш біріктіріп жатқан Қазақстанға қашанда ізгі әрі сенімді досы болып табылады деп атап өтті.
Бұдан соң Қазақстан Елшілігі салтанатты рәсімге жиналған құрметті меймандар қазақтың ақ пейілді дархан дастарханынан дәм татуға шақырылды. Салтанатты кеште мемлекеттік филармонияның түрікмен әртістерінің орындауында қазақтың халық және эстрадалық әндері шырқалды.
Жариялаған күні: 2008-12-17