Екінші концертті жазғы айлардың бірінде өткізу жобаланып отыр және онда қазақ музыкасының жауһарларын, дәстүрлі орындау өнерін, еуропалық классикалық ән салу өнер жанрындағы жетістіктерді көрсету көзделген. Осы концертте Н.Тілендиев атындағы “Отырар сазы” фольклорлық-этнографиялық оркестрі мен жеке әншілер қатысады.
Үшінші концертте Қазақстанның мәдени саналуандығын көрсететін түрлі жанрларды (ұлттық дәстүрлі, еуропалық классика, қазіргі заман эстрадасы) қоса көрсету ұсынысы қарастырылуда.
Сұрақ: Не себептен ЕҚЫҰ-ға төрағалыққа біздің елді таңдады? (авторы белгісіз).
Жауап: Бұл сұраққа жауап беру үшін төрағалық ету жай ғана мансап үшін берілетін нәрсе еместігін, керісінше, қомақты жұмысты талап ететін қызмет деп білген жөн деп санаймын. Арасында дүние жүзінің ең дамыған демократиялары бар 55 мемлекеттің Қазақстанды осындай беделді қызметке бірауыздан сайлауы халқымызға, Елбасына деген үлкен сенімдері мен шынайы құрметінің көрінісі, әрі қол жеткізген жетістіктеріміздің мойындалуы ретінде қарастыруға толық негіз бар.
ЕҚЫҰ-ны басқару үшін мемлекеттің екі артықшылығы болуы керек. Біріншіден, ол елдің халықаралық саясаттағы маңыздылығы, екіншіден, мемлекетті басшыларының халықаралық қауіпсіздік ұйымында жетекші рөл атқаруға деген лайықты саяси ықтияры болуы керек. Қазақстан ірі ел екені, қазба байлықтары мол, соңғы 10-15 жылдың ішінде елеулі экономикалық дамуға қол жеткізгені белгілі. Сондықтан, Қазақстанның геосаяси маңызы да ерекше мемлекет ретінде ЕҚЫҰ тарапынан келесі жылғы төрағалыққа таңдалды.
Қазақстан әу бастан осы қызметке қол жеткізу арқылы, тарихы бай, беделі жоғары халықаралық ұйымның қызметіне заманауи жағымды өзгерістер енгізуге ниетті еді. Міне, ақырында қойған мақсатымыздың орындалуына да біршама жақындап үлгердік.
Сонымен бірге Қазақстан Орталық Азия мемлекеттері арасында және ТМД аумағында әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштері бойынша, сондай-ақ жалпы қоғами дамудың барлық салаларында ұтқырлығы мен алдыға ұмтылғандығы Ұйымға мүше мемлекеттер тарапынан есепке алынды.
Тағы да айтар болсақ, ЕҚЫҰ-ға 1992 жылдан бері мүше болған мерзім ішінде еліміз осы құрылыммен оның барлық қызметінің саласы бойынша өзара қарым-қатынастарды жоғары деңгейге жеткізді. БАҚ бостандығы мәселелері жөніндегі Өкілінің кеңсесі, ұлттық азшылық істер жөніндегі Жоғарғы Комиссар кеңсесі және Демократиялық институттар мен адам құқықтары жөніндегі Бюро тәрізді Ұйымның жеке құрылымдарымен сындарлы ынтымақтастық орнатып үлгерді. Сондықтан еуропалық серіктестеріміз төрағалыққа сайлау туралы шешім қабылдаған кезінде Қазақстанның Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымымен орнатқан өзара тиімді қарым-қатынастар тарихын ескерді деуге толық негіз бар.
Сұрақ: Қытайман тығыз қатынастар біздің тәуелсіздігімізге әсер етпей ме? Менің пікірімше, олармен өте сақ болу керек! (Берікбол Манатұлы).
Жауап: Қытай – бізбен іргелес жатқан әскери, саяси, экономикалық күші мол аса ірі мемлекет екені рас.
Біріншіден, көршілес елдің Қазақстан мен Орталық Азия аймағының қауіпсіздігіне ықпалы орасан зор. Біз Қытай Халық Республикасымен ортақ шекараның демаркациясын (жер үстінде белгілеуін) өткізіп үлгердік, Шанхай ынтымақтастық ұйымының аясында Қытаймен шекара ұзындығы бойы әскери салада сенімді арттыру және қарулы күштерді қысқарту жөнінде келісімдерге қол қойдық. Қазақстанның қауіпсіздігі, әсіресе жеріміздің тұтастығы үшін Қытаймен ынтымақтасып, әскери салада екі жақты сенімді арттыру өте маңызды деп санаймыз.
Екіншіден, Қытайдың экономикасы жыл сайын қарқынды дамып келеді. Жаһандық қаржылық дағдарыс салдарынан көптеген елдердің, соның ішінде Батыстың алдыңғы қатарлы мемлекеттерінің, жалпы ішкі өнімі азаюда. Статистика мәліметтеріне сүйенсек, Қытайдың жалпы ішкі өнімі 2009 жылдың алғашқы тоғыз айында керісінше 7,7 пайызға өсті. 2009 жыл қорытындысы бойынша Қытайдың бұл көрсеткіші 9 пайызға жетеді деген болжам бар. Өсіп бара жатқан көршіміз Қазақстан кәсіпкерлері үшін үлкен нарық болап табылады. Мұндай мүмкіндіктерді пайдаланбауға болмайды.
Сонымен қатар Қытаймен ынтымақтастық келесі бағыттардың дамуына ықпал етеді: а) экономикамыздың әр саласына шетел инвестицияларының келуі, ә) территориямыздың транзиттік мүмкіндігін арттыру, б) елге Қытайдың жаңа технологияларын тарту, в) еліміздің мұнай мен газ құбырларын әртараптандыру, г) Қазақстанның шикізат және өңделген өнімдер экспортын әрі қарай дамыту.
Қазақстан егемен ел ретінде көпвекторлы сыртқы саясатын ұлттық мүддесіне сай жүргізеді. Қазіргі таңда, ел қауіпсіздігін нығайтып, экономика, әлеуметтік, ғылыми-техникалық салаларды дамыту үшін Қазақстан Қытаймен ынтымақтасуға мүдделі деуге толық негіз бар.
Сұрақ: Қазақстан басқа елдердің одағына кірмей, өзіміз одаққа басшылық жасасақ қалай болады? Ертеңгі қауіпсіздікті ойлау керек қой. (Абдулин Берікбол).
Жауап: Қазіргі уақытта Қазақстан Республикасы ешбір одаққа кірмей, тәуелсіз сыртқы саясат жүргізуде.
Алайда Еуразия кеңістігіндегі мемлекеттердің бүгінгі таңда көптеген аймақтық және жаһандық проблемалармен бірлесе айналысуына тура келіп отыр. Халықаралық лаңкестік, жаппай қырып-жою қаруларын тарату қаупі және есірткі тасымалы заманымыздың басты қатерлері болып табылады. Сондықтан, олардың алдын алу үшін бірлесіп жасайтын іс-қимылды жандандыру мақсатында Қазақстан көптеген халықаралық және аймақтық ұйымдарға мүше болды. Бұл құрылымдар арқылы біздің еліміз қауіпсіздік, экономика және қоршаған ортаны қорғау саласы мәселелерін басқа мемлекеттермен бірлесе отырып шешуде.
Сонымен қатар бұл ұйымдарда Қазақстан жетекші орын алып отырғаны ақиқат. Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына және Ислам Конференциясы Ұйымына төрағалық етуіміз осыған дәлел болып табылады.
Тағы бір атап айтатын жәйт, Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары жөніндегі кеңес (АӨСШК) сияқты едәуір беделге ие болып үлгерген халықаралық ұйым Қазақстан Республикасының бастамасымен құрылған. Онда Азия мемлекеттері арасындағы саяси көзқарастарындағы өзгешеліктердің жанжалға соқтыруын болдырмау және өзара сенімділікті арттыруға бағытталған әскери-саяси, экономикалық, гуманитарлық және басқа да салалар бойынша тиісті шаралар атқарылуда.
Сұрақ: Ассалаумағалейкүм! Біз, яғни Қазақстан Республикасы, НАТО ұйымы мен Еуропа Одағына кіруіміз қажет деген ойға қалай қарайсыз? Егер біз осы ұйымдарға кірсек, қару-жарақ, ұшақ, тікұшақ, танкі, жалпы айтқанда соғыс құралдарын алу арзанға түседі және сапалы қару-жарақ алуға мүмкіндіктер молаяр еді. Мемлекетіміздің болашақтағы қауіпсіздігін ойлау керек қой! Егер де біз НАТО, Еуропа Одағына кірсек, Ресей мен Қазақстан арасындағы байланыс бұрынғысынша қала бере ме? Неге біз ядролық қаруды қолданудан бас тарттық? Егер үшінші дүниежүзілік соғыс басталса, әрине, бетін әрі қылсын, бірақ “Жаман айтпай жақсы жоқ” деген, басқа дамыған мемлекеттер “Ой, мынау ядролық қаруы істетпейді екен!” – деп қарап отырмайды ғой. Төбемізге бомба құлап келе жатқанда не істейміз? (Сократ Қарақытай).
Жауап: Белсенділік танытып, сұрақ қойғаныңызға рахмет! Сіздің үрейіңіз маған түсінікті, бірақ қазіргі таңда Қазақстанға сыртқы әскери қауіп төніп тұрған жоқ. Сондықтан бізге қарсы ядролық қару қолдану қаупі де жоқ.
Еліміздің сындарлы сыртқы саясатының арқасында шекаралас мемлекеттердің барлығымен достық қатынастар орнатылған. Ал Қазақстанның жаппай қырып-жою қаруынан бас тартқанын әлем елдері әлі күнге дейін ерекше жоғары бағалап жүр. Оның бірден бір себебі 1949-1990 жылдар аралығында Семей ядролық сынақ аймағында 475 қару түрі жарылған. Соның салдарынан, кем дегенде үш облыстың (Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Павлодар) тұрғындары өте ауыр және созылмалы сәулеленуге ұшырап, сынақ зардаптары осы уақытқа дейін жойылған жоқ.
Еуропалық Одақ пен НАТО ұйымына кіру туралы мәселе қазір Қазақстанның сыртқы саяси бағдарында тұрған жоқ.
Сонымен қатар Еуропалық Одақ елдерімен ынтымақтастықты нығайту үшін Қазақстан 2009-2011 жылдарға арналған “Еуропаға жол” мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыруда. Бағдарламаның мақсаты – “Кәрі құрлықтың” дамыған елдерімен қарым-қатынастарымызды стратегиялық әріптестік деңгейіне шығару болып табылады.
Қазіргі таңда Еуропалық Одақ еліміздің ең үлкен сыртқы сауда әріптесі болып табылады. Ал НАТО ұйымымен Қазақстан “Бейбітшілік үшін әріптестік” бағдарламасы аясында бірге жұмыс атқаруда. Аталмыш бағдарламаға қатысу Қазақстан үшін Орталық Азия аймағындағы қауіпсіздікті нығайту жөніндегі ерекше маңызға ие мәселе болып табылады.
Осыған қоса, Қазақстан Республикасы, өз кезегінде Орталық Азия мәселелерімен тікелей айналысқан бірқатар үкіметаралық ұйымдарға мүше. Атап айтсақ, Шанхай ынтымақтастық ұйымы, Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарты ұйымы (ҰҚШҰ), АӨСШК.
Білуімізше, еуразиялық кеңістіктегі серіктестерімізбен бірге ҰҚШҰ-ның бітімгершілік әлеуетін әрі қарай дамытсақ, қазіргі заманға сай қауіп-қатерлермен күресудің әмбебап жүйесін қалыптастыруға қомақты үлесімізді қосуға мол мүмкіндік туындайды. Осыған орай, Орталық Азия аймағында өзекті қауіп-қатерлер жайлы ақпаратпен алмасу, сондай-ақ заңсыз көші-қонға және есірткі тасымалына қарсы бірлескен шараларды атқару сияқты бағыттарда ШЫҰ мен ҰҚШҰ тиімді жұмыс атқаруда.
Жарияланған күні: 2009-12-12