Қазақстан Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі
А. Абдрахмановтың 2010 жылғы 9 наурыздағы брифингте сөйлеген сөзі
Құрметті ханымдар мен мырзалар!
8 және 9 наурызда Вашингтонда Қазақстан Республикасы мен Америка Құрама Штаттары арасында жыл сайынғы екіжақты саяси консультациялар орын алуда. Бірнеше мемлекеттік органдар өкілдерінен тұратын қазақстандық делегацияны Сыртқы істер министрінің орынбасары Қайрат Омаров бастайды. Американдық жаққа АҚШ Мемлекеттік хатшысының көмекшісі Роберт Блейк басшылық етеді.
Шараның күн тәртібі 2010 ж. 12-13 сәуірде Вашингтонда өтетін Ядролық қауіпсіздік жөніндегі ғаламдық саммитке дайындық барысы, Еуропадағы Қауіпсіздік және Ынтымақтастық Ұйымы Саммитінің мазмұнын анықтау, Ауғанстанды саяси тұрақтандыру және экономикасын қалпына келтіру, саяси, экономикалық, қауіпсіздік және адам құқықтары салаларындағы ықпалдастықтың перспективалары секілді қазақ-американ стратегиялық әріптестігінің өзекті мәселелерін қамтиды.
Аталмыш сапар барысында қазақстандық делегация сондай-ақ АҚШ-тың іскерлік топтар мен үкіметтік емес ұйымдар өкілдерімен бірқатар кездесулер орын алады деп күтілуде.
9 және 10 наурызда Таллиннде экономикалық және ғылыми-техникалық ынтымақтастық жөніндегі Қазақстан-Эстония Үкіметаралық комиссиясының бірінші отырысы өтеді. Басқосу барысында тараптар екіжақты сауда-экономикалық қарым-қатынастардың дамуы, соның ішінде ақпараттық технологиялар, білім беру, ғылыми зерттеулер, мәдениет, денсаулық қорғау, туризм, қазақстандық ауыл шаруашылық өнімдерінің транзиті секілді мәселерді талқылайды.
Келіссөздерде қазақстандық тарапты Сыртқы істер министрлігінің жауапты хатшысы Рәпіл Жошыбаев, ал эстондық жақты – экономика және коммуникациялар министрі Юхан Партс бастайды.
12 наурызда Баку қаласында Қазақстан Сыртқы істер министрінің орынбасары Нұрлан Ермекбаевтың төрағалығымен Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңестің (қысқашасы - АӨСШК немесе Азия кеңесі) Аға лауазымды тұлғалар комитетінің кезекті отырысы өтеді.
Басқосудың күн тәртібіндегі негізгі мәселе - өткізілуі биыл 7-9 маусымда Ыстамбұлда жоспарланған Азия кеңесі елдерінің мемлекет және үкімет басшыларының үшінші саммитін дайындық барысы.
Сондай-ақ, Азия кеңесінің Артықшылықтар мен иммунитеттер жөніндегі Конвенцияның жобасын талқылау, 3-ші Саммиттің саяси Декларациясының жобасы мен Түркияның Кеңеске 2010-2012 жылдары Төрағалық ету тұжырымдамасын мүше мемлекеттердің назарына ұсыну сияқты іс-шараларды өткізу жоспарланған.
АӨСШК қатарына келесі мүше-мемлекеттер кіреді: Ауғанстан, Әзірбайджан, Египет, Үндістан, Иран, Израиль, Иордания, Қазақстан, ҚХР, Корея Республикасы, Қырғызстан, Моңғолия, Пәкістан, Палестина, Ресей, Тәжікстан, Таиланд, Түркия, БАӘ, Өзбекстан.
14 және 15 наурызда Босния және Герцоговинаның сыртқы істер министрі Свен Алкалайдың Қазақстанға ресми сапары жоспарланған. Сапар барысында мәртебелі қонақтың отандық сыртқы істер ведомствосы мен бірқатар басқа да мемлекеттік органдар, ұлттық компаниялар басшылығымен кездесулері жоспарланған.
Қазақстан мен Босния және Герцоговина арасында тұрақты саяси қатынастар орнаған. Тараптар сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі, дипломатиялық және қызметтік төлқұжат иегерлеріне визасыз режім туралы, өзара инвестицияны қорғау, автокөлік тасымалы, туризм саласындағы келісімдер сынды бірқатар құжаттарға қол қоюды жоспарлауда. Аталмыш сапар екіжақты қатынастарды жандандырады деп күтілуде.
15 және 16 наурызда Минскіде «Еуропадағы Қауіпсіздік және Ынтымақтастық Ұйымының аймағында шекарадан өту орындарын лайықты басқару, жерүсті көлік тасымалдарының қауіпсіздігін нығайту, халықаралық автомобиль және темір жол көлік қатынастарын жеңілдету» атты аталмыш Ұйымының 18-ші Экономикалық-экологиялық форумының екінші дайындық конференциясы өтеді.
Басқосудың күн тәртібінде - жерүсті көлік қатынастары мен көлік инфрақұрылымының қауіпсіздігін қамтамасыз ету, Ұйым аймағында темір жол тасымалдарының әлеуетін толыққанды пайдалану, темір жол саласында құқықтық режимдер мен құжат айналымының үйлесімділігін арттыру тетіктерін талқылау.
Конференцияға Ұйымға мүше елдердің мемлекеттік органдар, халықаралық үкіметтік және үкіметтік емес ұйымдар, іскерлік және сараптамалық топтардың 200-ден астам өкілдері қатысады деп күтілуде
15 және 17 наурыз аралығында Еуропа Кеңесінің Парламенттік Ассамблеясының Төрағасы Мевлют Чавушоглы Қазақстанға іссапармен келеді деп күтілуде. Сапар барысында мәртебелі қонақтың еліміздің жоғары басшылығымен бірқатар кездесулері жоспарланған.
Келіссөздер барысында 2004 жылы қол қойылған екіжақты келісімнің негізіндегі дамып келе жатқан ынтымақтастықтың өзекті мәселелерін талқылау көзделген.