ЖАҢАЛЫҚТАР
Қазақстан СІМ-нің Ресми өкілі Асқар Абдрахмановтың
2010 жылы 12 шілдеде брифингте сөйлеген сөзі
16 және 17 шілде аралығында Еуропадағы Қауіпсіздік пен Ынтымақтастық Ұйымының Іс басындағы төрағасы, Қазақстанның Мемлекеттік хатшысы – Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаевтың шақыруымен Ұйымға мүше 56 мемлекеттің сыртқы саяси ведомстволарының басшылары немесе жоғары мәртебелі өкілдері, Ұйыммен ынтымақтастық жөніндегі әріптес 12 мемлекет, сонымен қоса бірқатар халықаралық ұйымдардың лауазымды тұлғалары Алматыда өтетін бейресми кездесуде жиналады. Аталмыш басқосу еліміздің Еуропадағы Қауіпсіздік және Ынтымақтастық Ұйымына төрағалық ету шеңберіндегі ең маңызды шаралардың бірі болып табылады. Жоғары дәрежелі жиналыстың ашылуында Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың сөз сөйлейді деп күтілуде.
Бейресми кездесу барысында оған қатысушылар Ұйым кеңістігінде ортақ және бөлінбейтін қауіпсіздікті нығайтудың кең ауқымды мәселелерін талқыға салады. Атап айтқанда, басқосу барысында 2009 жылы гректің Корфу аралында өткен министрлердің алғашқы бейресми кездесуінің қорытындысы бойынша іске қосылған Корфу процессы аясындағы Еуропа мен Еуразия қауіпсіздігі жөніндегі диалогтың алғашқы қорытындыларын саралайды деп күтілуде.
Жиналысқа қатысушылар Еуропадағы Қауіпсіздік және Ынтымақтастық Ұйымының жауапкершілігі тарайтын кеңістікте және одан тыс аумақтардағы қауіпсіздік мәселелерін, соның ішінде Қырғызстан мен Ауғаныстан жағдайын және халықаралық қауымдастықтың аталмыш елдерді тұрақтандырудағы қызметіне Ұйымның қосар үлесін арттыру жолдарын қарастырады. Басқосу барысында жоспарланған Саммиттің күн тәртібіне енуі ықтимал тақырыптарды анықтау жұмысына ерекше көңіл бөлінеді.
Министрлердің бейресми кездесуі кезінде сондай-ақ бірқатар жанама шараларды өткізу жоспарланған, соның ішінде Еуропадағы Қауіпсіздік және Ынтымақтастық Ұйымы «Тройкасының» (яғни Қазақстан, Греция және Литва сыртқы істер министрлерінің) кездесуі, Таулы Қарабақ жанжалын бейбіт жолмен шешу жолдарын талқылау мақсатында Әзірбайжан мен Арменияның сыртқы істер министрлері, (құрамында Ресей, Франция және АҚШ бар) Минск тобының тең төрағалары мен Қанат Саудабаевтың қатысуымен арнайы кездесу өтеді. Сонымен қатар Еуропадағы Қауіпсіздік және Ынтымақтастық Ұйымының Іс басындағы төрағасының бастамасымен Еуро-Атлантика және Еуразия аймақтарының қауіпсіздігімен айналысатын жеті халықаралық ұйымның (яғни Еуропадағы Қауіпсіздік және Ынтымақтастық Ұйымы, Еуроодақ, НАТО, Еуропа Кеңесі, ТМД, Ұжымдық Қауіпсіздік Келісім-Шартының Ұйымы, Азия кенесі) басшылары мен жоғары лауазымды өкілдерінің тұңғыш басқосуы өтеді.
Еуропадағы Қауіпсіздік және Ынтымақтастық Ұйымына мүше мемлекеттердің сыртқы істер министрлерінің бейресми кездесуі Алматыдан 35 шақырым қашықтықта орналасқан «Ақбұлақ» курортында өтеді.
18 шілдеде Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың шақыруымен Германия Федеративтік Республикасының Федералдық канцлері Ангела Меркельдің Астанаға ресми сапары орын алады.
Жоғары деңгейдегі келіссөздер шеңберінде тараптар саяси, сауда-экономика және мәдени-гуманитарлық салалардағы қазақ-неміс ынтымақтастығының бүгінгі ахуалы мен келешегін талқылайды. Сонымен қатар, бірқатар екіжақты келісімдерге және коммерциялық шарттарға қол қою, екі елдің іскер топтарының қатысуымен бизнес-форум өткізу жоспарлануда.
Өткен аптада Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігінің қолдауымен Caspian Publishing House баспасы дайындаған «Қазақстан-ЕҚЫҰ-2010» Мемлекеттік кітабы жарық көрді.
Аталмыш топтама шеңберінде тоғызыншы рет шыққан басылым, авторлардың пайымдауынша, ағымдағы жылы Қазақстанның қоғамдық өміріндегі ең маңызды оқиғасына арналған. Сыртқы саясат тақырыбымен қатар авторлар оқырмандар назарына сондай-ақ еліміздің қоғамдық-саяси, экономикалық және мәдени дамуының жан-жақты сипаттамасын ұсынғалы отыр.
Басылымның авторлары Қазақстан мен ЕҚЫҰ-ның өзара ықпалдастығының 18 жылдық тарихын оңтайлы талдап, республикамыздың 2010 жылы аталған Ұйымға төраға етіп сайланыу Алаш елі тәуелсіздігіне қол жеткізген жылдардың ішінде саяси, экономикалық және қоғами дамуында қол жеткізген бірегей жетістіктерінің мойындауы болып табылатынын айқын дәлелдейді. Сонымен қатар, оқырмандар назарына ЕҚЫҰ-дағы қазақстандық төрағалықтың негізгі басымдықтары мен бірінші жартыжылдық шеңберіндегі қызметінің алғаш қорытындыларына сараптама ұсынылған.
Кітаптың негізгі бөлімдерінің бірі Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың еуразиялық және ғаламдық қауіпсіздікті нығайтуда қосқан айтарлықтай үлесіне және жақында Вашингтонда өткен Ғаламдық ядролық саммите әлемдік қауымдастық тарапынан тиесілі мойындау тапқан еліміздің ядролық қарудан бас тартумен шектелмей, бейбітсүйгіш саясатымызды одан ары жалғастыра білген Елбасы шешімдерінің тарихи маңыздылығына арналған.
Үш тілде (қазақ, орыс, ағылшын) бірдей жарық көрген бұл кітап жоғары полиграфиялық деңгейде және бай иллюстрациялармен басылып шығарылып, қазақ елінің саяси дамуынан хабардар болғысы келетін оқырмандарға арналған.
Жарияланған күні: 2010-07-12