Қазақстан Республикасының
Көші-қон және демография
жөніндегі агенттігі төрағасының
"Оралман мәртебесін айқындау және
оларды оралмандардың көшіп келу
квотасына енгізу нұсқаулығын
бекіту туралы" 2004 жылғы 17 тамыздағы
N 70-ө бұйрығымен
Бекітілген
Оралман мәртебесін айқындау және оларды
оралмандардың көшіп келу квотасына енгізу
нұсқаулығы
1. Жалпы ережелер
1. Осы Нұсқаулық "Халықтың көші-қоны туралы" Қазақстан
Республикасының Заңына (бұдан әрі - Заң) сәйкес әзірленді және оралман
мәртебесін айқындауды және оларды оралмандардың көшіп келу квотасына
енгізуді көздейді.
2. Осы Нұсқаулықта мынадай ұғымдар мен терминдер пайдаланылады:
1) оралмандар - ұлты қазақ шетелдіктер немесе Қазақстан Республикасы
егемендік алған кезде оның шегінен тыс жерде тұрақты тұрған және
Қазақстанға тұрақты тұру мақсатымен келген азаматтығы жоқ адамдар;
2) оралмандардың көшіп келу квотасы - Қазақстан Республикасының
аумағына қоныс аударуға жыл сайын жол берілетін, Заңға сәйкес
жеңілдіктер мен өтем берілетін оралмандар отбасыларының саны;
3) аумақтық орган - Қазақстан Республикасының Көші-қон және
демография жөніндегі агенттігінің оралмандар отбасыларын іріктеуді және
оларды оралмандардың көшіп келу квотасына енгізуді жүзеге асыратын
аумақтық органы (бұдан әрі - аумақтық орган);
4) халықтың көші-қоны мәселелері жөніндегі уәкілетті орган -
халықтың көші-қоны саласындағы саясатты іске асырушы және жұмысты
үйлестіруші орталық атқарушы орган (бұдан әрі - уәкілетті орган).
3. Осы Нұсқаулықтың күші ұлты қазақ шетелдіктер немесе Қазақстан
Республикасы егемендік алған кезде оның шегінен тыс жерде тұрақты
тұрған және мақсаты Қазақстан Республикасында тұрақты тұру болып
табылатын азаматтығы жоқ адамдарға қолданылады. Бұл кезең 1991 жылғы 16
желтоқсан - Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күні деп белгіленсін.
2. Оралман мәртебесін айқындау және оларды оралмандардың көшіп келу квотасына енгізу үшін қажетті құжаттар
4. Оралман мәртебесін беру туралы өтініш беруші адамдар мына құжаттарды табыс етеді:
1) оралман мәртебесін беру туралы өтініш;
2) қысқаша өмірбаян;
3) өтініш берушінің және онымен бірге қоныс аударған отбасы
мүшелерінің жеке басын куәландыратын құжаттар (паспорттарының, жеке
куәліктерінің, туу туралы куәліктерінің, аттестаттарының,
дипломдарының, әскери билеттерінің көшірмесі).
5. Көшіп келу квотасына енгізу туралы өтініш беруші оралмандар әрбір күнтізбелік жылға мына құжаттарды табыс етеді:
1) көшіп келу квотасына енгізу туралы өтініш;
2) қысқаша өмірбаян;
3) өтініш берушінің және онымен бірге қоныс аударған отбасы
мүшелерінің жеке басын куәландыратын құжаттар (паспорттарының, жеке
куәліктерінің, туу туралы куәліктерінің, аттестаттарының,
дипломдарының, әскери билеттерінің көшірмесі);
4) Қазақстандағы тұрғылықты жерінен отбасы құрамы туралы анықтама;
5) Үйінің бар немесе жоқ екендігі туралы анықтама.
3. Оралман мәртебесін айқындау және оларды
оралмандардың көшіп келу квотасына енгізу
шарттары
6. Оралман мәртебесін беру және өздерін оралмандардың көшіп келу
квотасына енгізу туралы өтінішті отбасының кәмелеттік жасқа толған
мүшелерінің бірі өз қолымен Қазақстан Республикасының шет елдердегі
дипломатиялық өкілдіктеріне, консулдық мекемелеріне немесе тікелей
уәкілетті органға тапсырады.
7. Оралмандардың отбасыларын көшіп келу квотасына енгізу тәртібі:
1) өтініш берушілердің құжаттарын мәліметтерінің дұрыстығын тексеру (бағалау) мақсатымен зерделеуді;
2) оралман мәртебесін беруді;
3) оралмандардың көшіп келу квотасына енгізуді көздейді.