Қырғызстан
Қазақстан-қырғыз мемлекеттік шекарасын делимитациялау жөніндегі келіссөздер 1999 жылдың қарашасынан 2001 жылдың желтоқсанына дейін жалғасып, мемлекет басшыларының 2001 жылғы 15 желтоқсанда Астанада Қазақстан Республикасы мен Қырғыз Республикасы арасындағы Қазақстан-Қырғыз мемлекеттік шекарасы туралы шартқа қол қоюымен аяқталды.
Екі жақты келіссөздер өзара сыйластық және тең құқылық қағидаттарына негізделіп, іскерлік және сындарлы жағдайда өтті.
Аталған Шарт 2008 жылғы 5 тамызда күшіне енді.
Тараптар мемлекеттік шекараны демаркациялау жөніндегі келіссөздерге және Қазақстан Республикасы мен Қырғыз Республикасы арасындағы шекараға шекара белгілерін орнатуға кірісті.
Өзбекстан
Қазақстан-өзбек мемлекеттік шекарасын делимитациялау процесі 2000-2002 жылдар аралығында өтті.
Анықталған күрделі учаскелер мен тараптардың ұсыныстары өзара сыйластық пен тең құқылық қағидаттарының негізінде, жергілікті халықтың мүдделері ескеріле отырып шешілді.
Қазақстан-өзбек мемлекеттік шекарасын делимитациялау процесін екі кезеңге бөлуге болады.
Бірінші кезең. Шекара сызығының бүкіл ұзақтығының 96 пайызын анықтап берген, 2001 жылғы 16 қарашада Астанада мемлекет басшылары қол қойған Қазақстан Республикасы мен Өзбекстан Республикасы арасындағы Қазақстан-Өзбекстан Мемлекеттік шекарасы туралы шартты дайындау.
Екінші кезең. Ортақ шекара сызығын анықтауды толығымен аяқтаған, 2002 жылғы 9 қыркүйекте Астанада Қазақстан мен Өзбекстан Президенттері қол қойған Қазақстан-Өзбекстан Мемлекеттік шекарасының жекелеген учаскелері туралы Қазақстан Республикасы мен Өзбекстан Республикасы арасындағы шартты әзірлеу.
Қазақстан-өзбек Мемлекеттік шекарасы туралы екі Шарт та 2003 жылғы 5 қыркүйекте күшіне енді.
Қазақстан-өзбек мемлекеттік шекарасын демаркациялау процесі 2003 жылы, ал тікелей далалық жұмыстар 2004 жылдың 1 сәуірінен басталды.
Шекаралық белгілерді шекара сызығында орнату жөніндегі далалық демаркациялық жұмыстар толығымен дерлік аяқталды. Қазақстан, Түрікменстан және Өзбекстан мемлекеттік шекараларының түйісу нүктесі ауданында ғана шекаралық белгіні орнату қалды.
Шекара сызығы 1620 шекаралық белгілермен белгіленген, оның ішінде 837 белгі Қазақстан тарапымен, 783 өзбек тарапымен орнатылған.
Казіргі уақытта тараптар мемлекеттік шекараны демаркациялаудың қорытынды құжаттарды әзірлеу жөніндегі жұмысты жүргізуде.
Түрікменстан
Қазақстан Республикасы мен Түрікменстанның Қазақстан-Түрікменстан мемлекеттік шекарасын делимитациялау және оны демаркациялау процесі туралы шартқа мемлекет басшылары 2001 жылғы 5 шілдеде Астанада қол қойды.
Қазақстан-Түрікмен мемлекеттік шекарасын делимитациялау туралы келіссөздер 2000-2001 жылдар аралығында сындарлы әрі іскерлік жағдайда өтті. Тараптар 1972 жылы Қазақ КСР-і мен Түрікмен КСР-і арасында келісілген шекара сызығын өзгерту туралы ешбір ұсыныстар білдірмеді.
Ортақ шекараны демаркациялауға бағытталған іс-шаралар 2003 жылы басталды. Шекарада шекаралық белгілерді орнатуға тараптар 2005 жылы кірісті.
Шекаралық белгілерді шекара сызығында орнату жөніндегі далалық демаркациялық жұмыстар толығымен дерлік аяқталды. Қазақстан, Түрікменстан және Өзбекстан мемлекеттік шекараларының түйісу нүктесі ауданында ғана шекаралық белгіні орнату қалды.
Шекара сызығы 278 шекаралық белгілермен белгіленген, оның ішінде 134 белгі Қазақстан тарапымен, 144 түрікмен тарапымен орнатылған.
Казіргі уақытта мемлекеттік шекараны демаркациялаудың қорытынды құжаттарды әзірлеу жөніндегі жұмыс жүргізілуде.
Ресей Федерациясы
Қазақстан-Ресей мемлекеттік шекарасын делимитациялау туралы келіссөздер 1999 жылдың қыркүйегінен 2005 жылдың қаңтарына дейін жалғасты.
Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаевтың Ресей Федерациясына ресми сапары барысында 2005 жылдың 18 қаңтарында Мәскеу қаласында Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы Қазақстан-Ресей мемлекеттік шекарасы туралы шартқа мемлекет басшылары қол қойды.
Қазақстан-Ресей мемлекеттік шекарасы туралы шартқа қол қоюмен Қазақстан өзінің құрылықтағы шекарасын бүкіл өн бойында құқықтық рәсімдеуді аяқтады. Шарт 2006 жылғы 12 қаңтарда күшіне енді.
Қазақстан-Ресей мемлекеттік шекараны демаркациялау жөніндегі бірлескен комиссия өз жұмысына 2007 жылғы шілде айында кірісті.
2009 жылдың мамыр айында тараптар Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы шекараға шекара белгілерін орнатуды бастады.
Қазақстанның мемлекеттік шекарасында көрші елдердің шекараларымен төрт түйісу нүктелері бар. Үш жақты форматта қол қойылып, күшіне енген келісімдер:
1. 1999 жылғы 5 мамырдағы Қазақстан Республикасы, Қытай Халық Республикасы және Ресей Федерациясы арасындағы Үш мемлекеттің мемлекеттік шекараларының түйісу нүктесін айқындау туралы келісім;
2. 1999 жылғы 25 тамыздағы Қазақстан Республикасы, Қытай Халық Республикасы және Қырғыз Республикасы арасындағы үш мемлекеттің мемлекеттік шекараларының түйісу нүктесі туралы келісім;
3. 2001 жылғы 15 маусымдағы Қазақстан Республикасы, Қырғыз Республикасы және Өзбекстан Республикасы арасындағы үш мемлекеттің мемлекеттік шекараларының түйісу нүктесі туралы келісім.
Қазақстан Республикасы, Түрікменстан және Өзбекстан Республикасы арасындағы үш мемлекеттің мемлекеттік шекаралары түйісу нүктесінің ауданы туралы шартқа қол қою жоспарлануда.
Мемлекеттік шекараның жалпы ұзақтығы (Каспий теңізіндегі шекараны есепке алмаған кезде) 13 500 км. шамасында, оның ішінде:
- Қытай Халық Республикасымен – 1 782, 75 км. шамасында;
- Қырғыз Республикасымен – 1 241, 58 км. шамасында;
- Өзбекстан Республикасымен – 2 351 км. шамасында;
- Түрікменстанмен – 426, 08 км. шамасында;
- Ресей Федерациясымен – 7 591 км. шамасында.