Сіз бұл жерде ҚР CІМ-нің сайтына таратылған жаңалықтарға жазыла аласыз
ҚАЗАҚСТАН ЖӘНЕ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ҰЙЫМДАР
ТҮРКСОЙ
Көне замандардан бастап Еуразия
кеңістігін мекен етіп, осы аймақтағы тарихи-мәдени процестердің дамуына
өлшеусіз үлес қосқан ежелгі сақтардың, ғұндардың, түркілердің ұрпақтары бүгін
де дәл осы алып құрлықтың үштен бір бөлігін қамтитын территориядақырыққа жуық ұлыс, ұлт атын иеленіп өмір
сүруде. Олардың ішінде тарихтың талайлы күндерінде саяси бостандығынан, ана
тілінен, ата дінінен, ұлттық салтынан, мәдениетінен ажырап,этникалық болмысын жоғалта бастаған халықтар
да жетерлік. Кеңес Одағы тараған соң өз егемендіктерін алған бес түркі
республикасы (Әзірбайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Түрікменстан) соңғы
ғасырда түркілердің жалғыз тәуелсіз мемлекеті болып келген Түркия
Республикасымен бірігіп, түркі халықтарының ортасындағы үзіліп қалған мәдени
қатынастарды жандандыру мақсатында ТҮРКСОЙ
халықаралық ұйымын құру туралы Хаттамаға 1993 жылы Алматыда қол қойған болатын.Алайда дайындық жұмыстары
бір жыл бұрын Түркия мен Әзірбайжанда басталған еді. Содан бері қарай “ТҮРКСОЙ” халықаралық аренада жұмыс атқарып келеді. Өткен жылы, яғни
2008 жылдың мамыр айына дейін 15 жыл бойы “ТҮРКСОЙ”-ға төрағалық еткен сол кездегі Әзірбайжан Республикасының
Мәдениет министрі, атақты әнші Полат Бюл-Бюлоглы болды. 2008 жылдың 27
мамырынан бастап ТҮРКСОЙ төрағалығы Қазақстан Республикасының қолына көшіп,
халықаралық ұйымның Бас директорлығына Қазақстанның көрнекті мемлекеттік
қайраткері, бұрынғы ҚР Мәдениет министрі Дүйсен Қорабайұлы Қасейінов сайланды.
Биылғы жылдың басында ТҮРКСОЙ өзінің
15 жылдық мерейтойын атап өткен ұйымға бүгінде түркі тілдес халықтар мекен
ететін 14 республика мүше.Олар тәуелсіз
мемлекеттер: Қазақстан,
Қырғызстан, Өзбекстан, Түрікменстан, Әзірбайжан, Түркия және Ресейдің субъектілері: Татарстан, Башқұртстан, Алтай, Тыва, Хакас, Якутия,
сондай-ақ Молдавияның құрамындағыГагауыз Йері мен Солтүстік Кипр Түрік Республикасы. Бұлардың алғашқы алтауы құрылтайшы болса, әзірге8
мемлекет бақылаушы
мүше болып отыр. ТҮРКСОЙ-ды басқаруды осы 14 елдің Мәдениет министрлерінен
тұратын Тұрақты кеңес атқарады. Тұрақты Кеңес жылына екі рет бас қосып отырады. Ал атқарушы қызметі Бас
дирекцияға жүктеліп, оның басшысы Бас директор әр үш жылда Тұрақты Кеңес
отырысында жаңадан сайланады.
ТҮРКСОЙ түркі халықтарының ортақ
мәдени мұраларын әлемдік деңгейге көтеру мақсатындахалықаралық ұйымдармен тығыз қарым-қатынас
орнатуда. Бүгінгі күнде ЮНЕСКО ұйымымен бірлесіп жұмыс істеу туралы
келісім-шартымыз бар. Алдағы күндері ЮНЕСКО штаб-пәтерінде ТҮРКСОЙ халықаралық
ұйымының ауқымды презентациясын өткізу жоспарлануда. Осы таныстырылым аясында
түркі елдерінің ең үздік өнерпаздары «ТҮРКСОЙ жұлдыздары» атты концерт қойып,
түркі әлемі суретшілерінің көрмесі өткізілмек. Сондай-ақ, әлемдік деңгейде
алғаш рет «Түркі халықтарының дәстүрлі асханасы» атты ас мәзірі фестивалін де
ұйымдастыру жоспарлануда. Бұл көлемді шараға дайындық жұмыстары басталып та
кетті. Ұйымымызға мүше елдердің көпшілігі ислам дінін ұстанатындықтан мұсылман
мемлекеттері мәдени қатынастарын үйлестіретін халықаралық ұйым ИСЕСКО-мен де
келісім-шартқа отырып, өркениетті қатынас орнату мақсаты көзделуде. ТМД
көлеміндегі Халықаралық Гуманитарлық ықпалдастық қорымен де (МФГС-международный
фонд гуманитарного сотрудничество) бірлесіп жұмыс атқару бағытындағы
келіссөздер жүргізілуде. Қазір ТҮРКСОЙ-ға мүше елдердегі
көптеген өнер ұжымдары, мәдениет саласының қызметкерлері ТҮРКСОЙ ұйымының
мақсаты мен маңызын кең түсінуде.
Бұған дейін аталмыш ұйымға мүше елдердің жылдық жарнасы 25 мың АҚШ долларын құрады. Биыл
құрылтайшылар арасында қайтадан шешім шығарып, құрылтайшы елдердің жарнасын 150 мың долларға, бақылаушы елдердің жарнасын 50 мың долларға өсірді. Осы уақытқа дейін негізгі шығынды ТүркияРеспубликасы көтеріп келді. Мәселен, 2006 жылдың соңындатүрік үкіметі арнайы қомақты
қаржы бөліп, ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымғаАнкара қаласында жеке ғимарат тұрғызып берді. Соңғы жылы ғана Түркия 1 миллион
АҚШ доллары көлемінде қаржы құйды. Бүгінгі күні ТҮРКСОЙ-ды қаржыландырып отырған негізгі үш
мемлекеттің бірі Қазақстан. Бұл біздің мемлекетіміздің күш-қуатының мықтылығын
және әрине Қазақстан Республикасының ПрезидентіН.Ә. Назарбаевтыңкемеңгер саясатын, аталмыш халықаралық ұйымға
деген оң көзқарасын білдіреді.
Халықаралық ұйым бүгінге дейін
ондаған, жүздеген көлемді мәдени шаралар ұйымдастырып, түркі ұлыстар арасындағы
мәдени қатынастардың дамуына өз үлесін қосып үлгерді.Алайда, ТҮРКСОЙ
атқарылған істермен ғана шектеліп қалмай, ұйым жұмысының жоғары сапасына,
тиімділігіне қол жеткізуді көздеуде. Басты мақсатымыз – түркі халықтары мен
ұлыстарының мәдени ықпалдастығын үйлестіру, ортақ мұраларымыз бен қазіргі
мәдениетімізді халықаралық аренаға, әлемдік деңгейге бірлесіп көтеру, бірігіп
ұсыну. ТҮРКСОЙ халықаралық
ұйымы соңғы кездерде жұрт көкейінде жүрген бірнеше ірі шараны жүзеге
асырды. Соның бірі биылғы жылғы 31 наурыз - 5 сәуір арасында Стамбұлда өткен
халықаралық аудармашылар симпозиумы. Жиынға ТҮРКСОЙ ұйымына мүше түркі тілдес
11 республикадан белгілі ғалымдар, аудармашылар, баспагерлер қатысты. Симпозиум
шеңберінде қазіргі аударманың теориялық мәселелері сөз болып, шеберлік-кластары
өткізілді.
Жыл басталғалы
ТҮРКСОЙ ірілі-ұсақты кездесулер мен концерттерді айтпағанның өзінде бірнеше көрме, симпозиум мен
фестивальдар өткізді. Ұйымдастырылған шаралар ғана емес, алдағы жоспарларымыз
да қомақты. Мәселен, келесі жылға дейін «Түркі халықтарының музыкалық аспаптары
энциклопедиясын» шығарып, Баку қаласында музыкалық аспаптарға арналған
конференция өткізбек ойдамыз. Сондай-ақ, «Түркі елдерінің түркітанушылары» атты
биобиблиографиялық көрсеткіш құрастыру ісі де қолға алынбақ.
Түркі елдері егемендігін алғалы
бері уақыттың сұранысына сай әр ел хал-қадерінше өз ұлттық мәдениетін дамыту,
насихаттау, әлемге таныту үшін көп жұмыстар жасап жатқаны белгілі. Осы орайда
Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бастамасымен қолға алынған
мемлекеттік «Мәдени мұра» бағдарламасының аса ірі нәтижелерге жетіп, туыс түркі
жұрттарына ғана емес, әлемнің көптеген елдеріне үлгі болғанын мақтанышпен атап
өтуге тиіспіз. Шындығын айтқанда, мұндай көлемді көпжылдық мәдени бағдарлама
тіпті кейбір экономикасы дамыған ауқатты елдерде де іске аса қоймағаны анық.
ТҮРКСОЙ – мүше елдердің басты
мәдени оқиғаларын, мерейтойларын, атаулы күндерін халықаралық деңгейде атап
өтуге ерекше мән береді. Биыл қазақ халқының ғажайып ғашықтық жыры «Қыз Жібек»
эпосының 500 жылдығы. Қазақстан тарапынан осы мерейтойды ЮНЕСКО деңгейінде атап
өтуге қатысты жұмыстардың қандай нәтижеге жететініне қарамастан, біз қазақ
фольклорының керемет үлгісі «Қыз Жібек» эпосының құрметіне ТҮРКСОЙ тарапынан
бірнеше шаралар ұйымдастыру көзделген. Біріншіден, жетінші рет өткізілетін
ТҮРКСОЙ ұйымының дәстүрлі опера күндерін «Қыз Жібек» эпосына арнап, осы шараның
ашылуын дәл бүгінгі күндері 75 жылдығын мерейтойын өткізіп жатқан Қазақтың
мемлекеттік Абай атындағы опера және балет театрының «Қыз Жібек» операсымен
бастау, екіншіден, Түркияда «Қыз Жібек» фильмінің күндерін ұйымдастырып, түрік
жастарын қазақтың ең белгілі киносымен таныстыруға басты ролдерде ойнаған
әртістерді шақыру, үшіншіден, «Қыз Жібек» эпосын түрік тіліне аударып, көркем
кітап етіп бастырып шығару жоспарлануда.
2009
жылы ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымының
Қазақстан
Республикасымен бірігіп өткізген шаралары
2009 жылдың 27 ақпан-4 наурыз
аралығында Түркияның Анкара және Чорум қалаларында ТҮРКСОЙхалықаралық ұйымының шақыртуымен келген түркі
республикаларының суырыпсалмаақындары«Түркілердің суырыпсалма
өнері» атты конференция өткізіп, бірнеше жерде концерт қойды.
Бұл шараға Қазақстаннан белгілі
айтыс ақыны Аманжол Әлтаев, Өзбекстаннан Нарбек бақшы Құрбанназаров,
Қырғызстаннан Аалы Тұтқышов, Әзірбайжаннан Рамин Гараев, Түркіменстаннан
Әбдікерім Илматов, Түркиядан Шереф Ташлыова қатысты. Атап өтерлігі, мұндай жиын
Түркияда алғаш рет өткізілді. Әуелгі екі күн Анкарада болып мемлекеттік ТРТ
телеарнасындағы арнайы бағдарламаға түсірілген ақындар келесі екі күн Чорум
қаласында өткен «Түркілердің суырыпсалма өнері» атты конференцияға қатысып,
«Түркі әлемінің ұзандары» атты концерт қойды. Ең жақсысы, тіл айырмашылығына
қарамастан жергілікті халық өнерпаздарды ерекше ықыласпен қабылдады. Залға
сыймаған көпшілік екі жарым сағат бойы концертті тік тұрып тамашалады. Облыс
басшысы Мұстафа Топрак осы шараға арнайы келген ТҮРКСОЙ Бас директоры Дүйсен
Қасейіновті, орынбасары Фрат Пұрташты, ғалымдар Өжал Оғуз, Неби Өздемирді
қабылдап, туысқан түркі жұртының ақындарына қонақасы берді. Келесі күні
Анкараға қайтқан ақындар Ғазы университетінде тағы да өнер кешін ұйымдастырды.
1995 жылдан бастап ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымы
жыл сайын Түркияға бауырлас түркі халықтарының өнерпаздарын жинап, бір аптадан
астам уақыт бойы Наурыз мерекесін жергілікті халықпен бірге тойлайды. Бұл игі
дәстүр биыл да жалғасын тауып, 14-24 наурыз аралығында түркілердің ортақ
мерекесін Анадолы жерінде қарсы алуға 14 мемлекеттен келгенөнер топтары бірнеше қалада-Стамбулда,
Анкарада, Едірнеде, Афионда тағы басқа жерлерде концерт берді. Түркияның
Мәжіліс төрағасы Көксал Топтанның, Білім министрі Хусеин Челиктің, Мәдениет
және туризм министрі Ертоғрұл Гүнайдың қабылдауында болды. Қазақстанның
Қарағанды қаласынан келген Қали Байжанов атындағы концерттік бірлестіктің
«Аққу» хореографиялық ансамблі және осы ұжымның әнші-күйшілері аз уақыт ішінде
төрт қалада болып бірнеше концерт берді. Қарағандылық өнерпаздар 21 наурыз күні
Түркияның мемлекеттік ТРТ телеарнасында тікелей эфирде өнер көрсетіп, түрік
елінің көрермендерін қазақ мәдениетінің озық үлгілерімен таныстырды. Бұдан
басқа да бірнеше теле-радиоарналар сюжеттер мен репортаждарына қазақ
әнші-бишілерінің өнерін арқау етті. Қарағандылық топ Түркияның белгілі
университеттерінде, мәдени орталықтарында он күннен астам уақытта 13 концерт
беріп, аса нәтижелі еңбек етті. Қали Байжанов атындағы концерттік бірлестіктің өнерпаздары
жоғарыда айтылған бағдарламалардан тыс ТҮРКСОЙ және Қазақстанның Түркиядағы
елшілігінің қолдауымен қазақ диаспорасының тығыз қоныстанған мекендері Нийде
облысы Алтай ауылына және Маниса облысы Салихлы қаласына барып арнайы концерт
көрсетіп, ұлттық өнерін аңсап отырған қандастардың ерекше ілтипатына бөленді.
Бұл концерттерге аталған облыстардың әкімдері, қала басшылары, жергілікті билік
өкілдері, қала тұрғындары қатысып, өнерпаздарға қолдау көрсетіп, алғыс
білдірді. Бұл шараларға Қазақстаннан арнайы шақырылған белгілі жазушы-ғалым
Тұрсын Жұртбай, атақты айтыс ақыны Бекарыс Шойбеков те қатысты. Наурыз
мерекесіне жалпы саны 15 өнерпаз қатысты.
2009 ж. 31наурыз-5 сәуір аралығында
Стамбұл қаласында түркі республикаларының аудармашылары бас қосты. ТҮРКСОЙ
халықаралық ұйымы ұйымдастырған «Түркі тілдерінің арасындағы аударма
жұмыстарының бүгінгі жағдайы және күрделі мәселелері» атты симпозиум Малтепе
университетінде өтті.
Бірнеше ай бұрын ғана дүниеден
өткен талантты әзірбайжан ақыны Бахтияр Вахабзаденің құрметіне арналған
симпозиумға түркі мемлекеттерінен тәжірибелі аудармашылар, белгілі ғалымдар
қатысып, қазіргі аударма ісінің өзекті мәселелерін талқыға салды. ТҮРКСОЙ
басшысы Дүйсен Қасейіновтың, Малтепе университетінің ректоры Кемал Койменнің
және Түрік тілі қоғамының директоры Халюк Акалынның кіріспе сөздерімен ашылған
жиында алғашқы екі күн аудармашы-ғалымдар аударманың күрделі теориялық
мәселелері, өз елдеріндегі практикалық үрдістер туралы ойларымен бөлісті. Соңғы
үш күнде қаламы қалыптасқан ақсақал аудармашылар өз тәжірибелерін жастарға
үйретіп, шеберлік кластарын өткізді. Симпозиумға Қазақстаннан түркітанушы
профессор Ерден Қажыбек пен аудармашы-ғалым Қуаныш Сейітжанов қатысты. Айта кетерлігі, түркі халықтарының
аудармашыларын жинаған мұндай ірі жиын алғаш рет ұйымдастырылды. Тәуелсіздік
дәуірінде бұған дейін бір-бірінің әдебиетін негізінен орыс тілі арқылы танып
келген түркі ұлыстары қалыптасқан әдеби байланыстарын нашарлатып алды. Түбі бір
түркі тілдері енді екіжақты тікелей әдеби байланыстарға мән бере бастады. Әдеби
мәтіндердітүпнұсқадан аудару үрдісі
белең алды. Әсіресе, түрік тіліне соңғы жылдары туыс тілдерден жүздеген
шығармалар аударылды. Алайда, осыаудармалардың кәсіби деңгейі бүгінгі оқырманның көңілінен шыға ма? Неге
классик жазушылардың керемет шығармалары өзге тілге өте сапасыз аударылады?
Туыс тілдерден сапалы аудармалар жасауға қалай қол жеткіземіз? Симпозиумның
негізгі мақсаты – осындай күрделі сауалдарға жауап іздеу болды.
2009 ж.14-24 cәуір күндері
ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымы және Түркия театрлар бірлестігітарапынан ұйымдастырылып, Кония қаласында
өткен«Бин нефес – бир сес» (Мың дауыс –
бір үн) халықаралық театр фестиваліне Қазақстан Республикасы атынан Жүсіпбек
Аймауытоватындағы Павлодар облыстық
қазақ музыкалық-драмалық театрының ұжымы қатысты. Кония халықаралық театр
фестивалінетүркі тілдес 12
республикадан 250-ге жуық өнерпаз қатысып, өз өнерлерін көрсетті.Жүсіпбек Аймауытоватындағы Павлодар облыстық қазақ
музыкалық-драмалық театрының ұжымы19
наурыз күні Дилек Сабанжы консерваториясының сахнасында қазақ драмасының
классикалық үлгісі «Айман-Шолпан» спектаклін қойды. Көрермендердің ыстық
ықыласына бөленіп аншлагпен өткен қойылымды Түркияның мемлекеттік ТРТ
телеарнасы, КонТВ арнасы эфирге шығарып, түрік елінің көрермендерін қазақ
мәдениетінің озық үлгілерімен таныстырды. Кония театр фестиваліне Жүсіпбек
Аймауытоватындағы Павлодар облыстық
қазақ музыкалық-драмалық театрының басшысы Мұхтархан Манапқа, қоюшы режиссер
Ерсайын Тәпенов бастаған 16 қазақстандық өнерпаз қатысты.
Алматы қаласында 27-30 сәуір
күндері ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымының және ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі
Мәдени саясат және өнертану институтының ұйымдастыруымен«Түркі әлемінің тарихи-мәдени мұрасы» атты
халықаралық симпозиумы өтті. Симпозиум аясында ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымы осы
ұйымға мүше елдердің мәдени мұраларын халықаралық аренада таныту, насихаттау
мақсатында 29 сәуір күні «Түркі тілдес халықтардың материалды емес ортақ
мұрасын инвентаризациялау»аттысеминардыөткізді. Семинарға 14 түркі республикаларынан материалды емес мәдени
мұра бойынша үйлестіруші-мамандар шақырылды. Семинардың мақсаты - ТҮРКСОЙ
ұйымына мүше елдердің мәдени мұраларын халықаралық аренада таныту, насихаттау
болды. Семинарға түркі республикаларынан келген мамандар мазмұнды пікірлер,
негізді ұсыныстарын ортаға салды.
2009 ж. 9-16 мамыр күндері Түркия
театрлар бірлестігітарапынан
ұйымдастырылып, Трабзон қаласында өткенХалықаралық Кара теңіз театр фестиваліне ТҮРКСОЙ ұйымының шақыртуымен
Сәкен Сейфуллинатындағы Қарағанды
облыстық қазақ драма театрының ұжымы қатысты. Трабзон халықаралық театр
фестивалінедүниежүзінің 14 мемлекетінен
300-ге жуық өнерпаз қатысып, өз өнерлерін көрсетті.Сәкен Сейфуллинатындағы Қарағанды облыстық қазақ драма
театрының ұжымы15 мамыр күні Трабзон
театрының сахнасында белгілі жазушы Шерхан Мұртазаның«Домалақ Ана» спектаклін қойды. Қойылым
халықаралық фестиваль қонақтары мен түрік елінің көрермендерін қазақ
мәдениетінің озық үлгілерімен таныстырды. Фестивалға Қазақстан тарапынан
белгілі театр сыншысы Әшірбек Сығай, театр басшысы Кеңес Жұмабеков, қоюшы
режиссер Әлімбек Оразбеков бастаған 26 өнерпаз қатысты.
20-24 мамыр күндері Түркияның Ерзұрұм
қаласындаТҮРКСОЙ және Ерзұрұм қаласы
әкімшілігінің ұйымдастыруымен өткізілген .дәстүрлі«ІІ Халықаралық түркілер фестивалі» өтті. Осы
шараға қазақ халқының сөз өнерін таныстыру мақсатында «Қыз бен жігіт» айтысына
қатысу үшін «Көкше» мәдениет үйінің директоры АрманБердалин мен Екібастұз
қаласы «Атамұра» мәдениет орталығының қызметкері Алмагүл Жүгінісова
шақырылды.Айтыс ақындары 20-24 мамырда Ерзұрұм қаласында
фестиваль қонақтарының алдында табысты өнер көрсетіп, 25-26 мамырда Анкара
қаласында болып, «Анкара ақындар қауымдастығы»ұйымдастырған кездесуге қатысты. 26 мамыр күні ТРТ мемлекеттік
телеарнасында тікелей эфирде өнер көрсетті. Сондай-ақ, 27-28 мамыр күндері
Амасия қаласында өткен ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымы сурет көрмесінің ашылу
шарасына қатысып, өз өнерімен бауырлас халық көрермендерін тәнті етті.
ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымын қазақ
өнерпаздарымен бірігіп тағы бір ірі шара ұйымдастырды. Ол - Құрманғазы атындағы
Қазақ ұлттық консерваториясының Студенттік халық-аспаптар оркестрінің біздің
ұйымның шақыруы бойынша келіп,9-15
маусымкүндері Ыстамбұл, Анкара,
Амасия, Карабюк, Сафранболуқалаларында
концерттер қойып, бауырлас түрік елі көрермендерінің ыстық ықыласына
бөленгені.Оркестр 9 маусым күні Стамбұл
университеті өнер факультетінің концерттік залында Стамбұл қаласының зиялы
қауымы мен осында тұратын қандас бауырларымыздың алдындаөнер көрсетті. Келесі күні осы қаладағы
Малтепе университетінде концерт қойып, 11 маусым күні Анкара қаласы
көрермендеріне өз өнерлерін ұсынды. Жергілікті тұрғындармен қатар бірнеше түркі
мемлекеттерінің елшілері қатысқан концерт ТРТ мемлекеттік телеарнасы тарапынан
түсіріліп, эфирге ұсынылды.Студенттер
оркестрі 12-13 маусым күндері Амасия қаласында өткен, Түрік республикасының
президенті Абдулла Гул қатысқанҰлт-азаттық қозғалысының 90 жылдығына арналған мерекелік шеруге қатысып,
Амасиялық көрермендерге ашық алаңда арнайы концерт қойды. Ал 14 маусым күні
тарихи Сафранболу қаласында өнер көрсетіп, елдің ерекше ықыласына бөленді.
ТҮРКСОЙ-дың ұйымдастыруымен 19-22
маусым күндері Түркияның Анкара қаласында өткен «Айтыскерлер мерекесінде» және
22-27 маусымда Караман қаласы әкімшілігі өткізген «Түркі тілдері мейрамына»
қазақ халқының сөз өнерін таныстыру мақсатында Семей қалалық маслихаты
аппаратыныңбаспасөз хатшысы Әсем
Қызырбекті қатысты. Айтыс ақыныӘсем
Қызырбек 19-22 маусымда Анкара қаласында бірнеше концертке қатысып, қала
тұрғындары мен қонақтарының алдында табысты өнер көрсетті. Сондай-ақ, 21
маусымда«Анкара ақындар
қауымдастығы»ұйымдастырған кездесуге
қатысты. 22-27 маусымда Кония, Караман, Кыршеһир қалаларында болып, Караман
қаласындағы «Түркі тілдері мейрамында» Қазақстан атынан өнер көрсетіп, өз
өнерімен бауырлас халық көрермендерін тәнті етті.
3 – 7 шілде аралығында Қазақстанда
ТҮРКСОЙ ұйымының қатысуымен тағы бірірі
фестиваль ұйымдастырылды. Астана қаласында өткен «Астана-Арқау» халықарлық
фестиваліне түркі халықтарының жүзден астам өнерпазы қатысты. Соңғы жылдарда
түбі бір түркі жұртында ғасырлар сарабынан өтіп, ілкі замандардан бері
сұрыпталып, уақыт сынынан кешкен көне мәдени мұраны жете тануға, қайта
жаңғыртуға деген ұмтылыс, жақсы үрдіс белең алуда. Әсіресе, туыс елдердің
айырмашылықтарынан гөрі ортақ тұстарын көбірек еске түсіретін халық жадының
қайталанбас туындылары - дәстүрлі түркі музыкасына деген ықылас ерекше.
Егемендік алғалы Қазақстан түркі әлеміне ортақ мәдени мұраның танылуына,
насихатталуына, дамуына айтулы үлес қосып келеді. Ең алғашқы түркі музыкасы
фестивалдерінің
бірі, тіпті, тәуелсіздіктен біраз бұрын Алматыда ұйымдастырылған еді. Еліміздің
экономикасының, мәдениетінің қарқындап дамуының арқасында түркі халықтарының
белгілі өнерпаздарының басын қосқан, түркі тілдес халықтардың дәстүрлі музыкасына
арналған осындай ірі фестивальдіАстанада, Қазақстанның жаңа Елордасындаөткізуге де мүмкіндік туды.
Түркі тілдес
мемлекеттерге ортақ жалғыз халықаралық ұйым болып табылатын ТҮРКСОЙ
ұйымының да басты мақсаты осы дәстүрлі мәдениетті насихаттау, музыкамыз бен
өнерімізді әлемдік аренаға бірлесіп шығару. Бір жылдан бері Қазақстан төрағалық
ететін халықаралық ұйым дәстүрлі халық музыкасын дамытуды көздеген кез-келген
бастамаға қолдау көрсетуге дайын.
Жоспарланған жобалар туралы
2009 жылы ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымы
Бас дирекциясының шешімі бойынша ХІІТҮРКСОЙ опера күндері ЮНЕСКО деңгейінде аталып жатқан әйгілі қазақ эпосы
«Қыз Жібектің» 500 жылдық мерейтойына және Қазақтың мемлекеттік Абай атындағы
академиялық Опера және балет театрының 75 жылдық мерейтойына арналмақшы.22.09.2009-03.10.2009
уақыты аралығында Түркияның Мерсин, Гирне, Ыстанбұл қалаларында өткізілетін ХІІ
ТҮРКСОЙ опера күндеріне ТҮРКСОЙ ұйымына мүше түркі мемлекеттерінен бір-бірден
опера әншілері қатысуы жоспарлануда.
Осыған байланысты Опера күндерінің
ашылуында«Қыз Жібек» операсынан үзінді
көрсету де жоспарланып отыр. Қазақстаннан 10 опера әншісін шақыру ойымызда бар.
Сондай-ақ,
осы жылдың желтоқсан айында туыс елдің көрермендеріне «Қыз Жібек» фильмінің
көрсетілімін ұсынуды жоспарлап отырмыз. Сонымен қатар осы фильмнің басты
бейнелерін сомдаған әртістерді де Түркияға шақырып, кең көлемді таныстыру
шаралырын өткізу жоспарлануда. Оның үстіне, «Қыз Жібек» эпосын түрік тіліне аударып, кітап етіп
бастырып шығармақ ниетіміз де бар.
Сыр бойы
ежелден түркі халықтарының ортақ қонысы, тарихи мекені болғандығы әлемдік
ғылымға аян. Сыр бойындағы сан ғасырлық тарихы бар көне қалалар бүгінгі
тәуелсіз түркі мемлекеттерінің түпнегізі болып табылатын Оғыз, Қыпшақ мемлекеттерінің
қалыптасып, тарих сахнасына шығуында басты қызмет атқарғаны анық. Солардың бірі
- Оғыз хандығының астанасы болған Жанкент (Йеникент, Яныкент) қаласы. ТҮРКСОЙ
халықаралық ұйымы осы қаланың түркілер тарихындағы ерекше орнын ескере отырып,
көне мекенде Оғыз хандығының құрушыларын еске түсіретін ескерткіш орнату туралы
ұсыныс жасаған болатын. Ғалым-зерттеушілермен ақылдаса отырып, әзірге
ескерткіштің шартты атауын «Оғыз хан ескерткіші» деп алуды жөн көрдік.
Ұсынысымызды Түркия инженерлер мен сәулетшілер одағы қабыл алып, бірігіп іске
асыруды мақұлдаған еді. Алдын ала жүргізілген келісімдер бойыншаТүркия үкіметі де ұсынысты қолдайтындықтарын
білдірді. Әзірге, ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымы мен Түркия инженерлер мен
сәулетшілер одағы ірі жобаның негіздемелерін жасау үстінде.
Жақында
осы мақсатта Жанкент қаласына жүргізілген археологиялық қазбалардың
қорытындысымен және ғылыми зерттеу жұмыстарының нәтижесімен танысу үшін және
болашақ халықаралық жобаның алдын ала келіссөздерін жүргізу үшін Түркия инженерлер
мен сәулетшілер одағының төрағасы Ильяс Демирджи мен осы одақтың төралқа мүшесі
Ибрагим Терзиоғлы 1-4 маусым аралығындаҚызылорда қаласына іс сапарға барып қайтты.