ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың  Жолдауы
blog
03-Қазақстан 2030 бағдарламасы

SWFObject 2 static publishing example page
OIC

free counters
Zapatec DHTML Calendar
Дауыс беру
 
1) Сайттың жаңа дизайны Сізге ұнай ма?
(Choose one answer)
  1) өте қолайлы
  2) бұрынғы сайт жақсырақ болған
  3) бәрібір
 
 

 

 
Жаналықтарға жазылу



Сіз бұл жерде ҚР CІМ-нің сайтына таратылған жаңалықтарға жазыла аласыз
Назад

ЕҚЫҰ

2010 жылы Қазақстан ЕҚЫҰ төрағасы болады

ЕГЕМЕН ҚАЗАҚСТАН, №292 (25689) 05 ҚЫРКҮЙЕК СЕНБІ 2009 ЖЫЛ, ЖАҺАНДЫҚ БЕДЕЛІМІЗДІҢ ЖАРҚЫН КӨРІНІСІ

Қазақстанның 2010 жылғы ЕҚЫҰ-дағы төрағалығы еліміздің сыртқы саясатындағы басымдық­тардың бірі болып табылады. Төрағалыққа дайындық барысында ұйымдастыру-логистикалық сипатпен қатар, мазмұндық  тұрғыдағы жоспарлы әрі кешенді жұмыстар атқарылуда.

Қазақстан Республикасының ЕҚЫҰ жанындағы жеке Тұрақты өкілдігі жасақталып, оған қоса төр­ағалық кезеңінде ЕҚЫҰ-ға мүше елдер мен институттар ара­сын­дағы қарым-қатынастарға жау­ап беретін және төраға мен оның командасы болып табылатын (OSCE Task Force деп аталатын) Мақсатты топтың негізі болатын ЕҚЫҰ мәселелері бойынша Сырт­қы істер министрлігінде арнайы департа­мент құрылды.

Қазақстанның мемлекеттік ор­гандарымен тұрақты консульта­ция­лар өткізілуде, Ұйымның күн тәртібіндегі әртүрлі мәселелер бойынша ЕҚЫҰ-ға мүше елдердің пікірлері сарапталуда, елдегі және шетелдердегі талдау орталықтары­мен қарым-қатынас орнатылып, ЕҚЫҰ-да бұрын төрағалық еткен елдер Сыртқы істер министрлік­тері­нің жанында және Еуропаның оқу орталықтарында бірқатар тә­жі­рибелік курстар ұйымдасты­рылу­да.

Бұдан басқа, төрағалық қар­са­ңындағы маңызды міндеттердің бірі ЕҚЫҰ құрылымдарындағы Қа­зақстан өкілдігі санын ұлғайту болып табылады. Ал бүгінгі таңда институттар мен миссияларда Қа­зақ елінің 7 азаматы қызмет ат­қарады.

2009 жылы Қазақстан өкілі, сенатор Әділ Ахметов ЕҚЫҰ-ның қазіргі төрағасының мұсылман­дарға қатысты төзімсіздік және қы­сым көрсетушілікпен күрес мә­селелері жөніндегі жеке өкілі бо­лып тағайындалды. Бұл Елбасы­мыз жүргізіп отырған мәдениет­аралық келісімді нығайтуға байла­нысты ұзақ мерзімді басымдық­тар­ды жүзеге асыруда үлкен рөл атқармақ.

Үстіміздегі жылдың тамызын­да грек төрағалығы шешімімен Қа­зақстан Республикасының ЕҚЫҰ жанындағы Тұрақты өкіл­дігінің Кеңесші-уәкілі Жандос Асанов ЕҚЫҰ-ның Минскідегі Кеңсесі басшысының орынбасары болып тағайындалды. Аталмыш ше­шім 2009 жылдың 1 қыркүйе­гі­нен бастап күшіне енді. Лауа­зымда болу мерзімінің ұзақтығы жыл сайын ұзартылып отырған жағдайда 7 жылды құрайды.

ЕҚЫҰ-ның қызмет кестесіне сәйкес, ЕҚЫҰ Кеңсесі басшы­сының орынбасары лауазымы саяси мәселелер жөніндегі жоғары лауа­зым болып табылады және Ұйым­ның атқарушы құрылым­дарын­дағы еліміздің өкілдігін күшейту мақсатын қоса алғанда, Қазақстан төрағалығы қарсаңында ерекше маңызды рөл атқарады.

Айта кету қажет, жоғары саяси деңгейде ЕҚЫҰ-ның қазіргі төр­ағасының мұсылмандарға қатысты төзімсіздік және қысым көрсету­ші­лікпен күрес мәселелері жөнін­дегі жеке өкілі, Қазақстан Парла­менті Сенатының депутаты Әділ Ахметов төраға ел жағынан өкілдік етсе, Ж.Асанов миссия басшы­лары­ның бірі ретінде кон­сен­сустық құжат­тармен айқындала­тын мандаты бар Ұйым өкілі бо­лып табылады.

Аталмыш тағайындау “секонд­мент” (іссапарға жіберу) негізінде жүзеге асады. “Секондменттеуші” ел үшін тәжірибелі және жоғары халықаралық беделі бар тұлғаны айқындау бірінші кезектегі мәселе болып есептеледі.

Бұл шешімді қазақстандық дип­ломатияның мұқият жүргізген дайындық жұмыстары мен келі­сім­дер үдерістері нәтижесінде қол жеткізген табысы деп қабылдаған жөн. Қазақстандық кандидатураны таңдауға оң әсер еткен фак­тор­лар­дың бірі ретінде (Қазақстан, Поль­ша, Болгария, Португалия, Әзір­байжан, Эстония және Австриядан бір-бірден 7 үміткер тіркелген-тін) ЕҚЫҰ күн тәртібіндегі маңызды тапсырмаларды шешуде еліміздің ма­ңызды рөл атқаруы да өз сеп­тігін тигізді деуге болады.

Осылай бола тұра, алдағы төр­аға­лығымыздың қиындығы мен ма­ңыздылығын, қазақстандық төраға­лық кезінде қарастырыла­тын мәсе­ле­лердің геосаяси қыр­ла­ры мен кей­бір мәселелерге қатыс­ты жеке­ле­ген елдердің айрықша көз­қараста болуын ескеру өте ма­ңызды. Осы­ған байланысты Минскі­дегі ЕҚЫҰ Кеңсесі басшы­сы­ның орынбасары қызметіне әкімшілік шаралар мен бағдарла­ма­лардың жүзеге асыры­луын үй­лестіру мен мониторинг мәселе­лері, атап айтқанда: ұлттық және жергілікті билікпен, оқу орын­­дары­мен, зерттеу мекеме­лері­мен және үкіметтік емес ұйымдар­мен бай­ланыс орнату; ағымдағы проб­лемалар мен оқиғаларға, оның ішінде міндетті басқару мәселе­ле­рі­не, азаматтық қоғам құру, сон­дай-ақ экономикалық-экология­лық қызметке талдау жүргізуді жүзеге асыру; бағдарламалар мен жобалар қызметінің басталуы мен орын­да­луы барысына мониторинг жүргізу; ЕҚЫҰ іс-шараларына дайындықты үйлестіру; Кеңсе басшысының бе­кітуі үшін есептер дайындауды үйлестіру кіретінін атап өткен орынды.

Қазақстан дипломаттарын ЕҚЫҰ-ның басты құрылым­дары­на іссапарға жіберу алдағы төр­аға­лығымыз барысында ЕҚЫҰ Хат­шылығымен өзара әрекет­тес­ті­гі­міздің жоғары деңгейін қамта­масыз етіп, тиімді жұмыс атқаруы­мызға септігін тигізетін болады.

 

ЕГЕМЕН ҚАЗАҚСТАН, №289-291 (25688) 04 ҚЫРКҮЙЕК ЖҰМА 2009 ЖЫЛ, ВЕНАДАН       ҚАЗАҚ ТЫНЫСЫ СЕЗІЛЕДІ

 

            Былтыр Австрия астанасында Қазақстан Республикасының ЕҚЫҰ жанындағы Тұрақты өкілдігі жұмысын бастаған болатын. Жуырда өкілдіктің кеңсе ғимараты ашылды. Сонымен, вальстің отаны саналған, бүгінде іскерлік кездесулер ордасына айналған Венадан Қазақстанның, қазақтың тынысы айқын сезілетін болды. Енді 3 ай 25 күннен кейін еліміздің ЕҚЫҰ-да төрағалық миссиясы басталады.

            Әлем жұртшылығының назары Қазақстанға ауатын сол кезеңде қазақстандықтардың жанарында Вена болатыны сөзсіз. Соған орай “Егемен Қазақстан” газетінің Вена қаласындағы өкіл тілшісі Талғат Жұмағұлұлы қызметіне кірісіп, бүгін тілшіміздің алғашқы таныстыру мақаласын жариялап отырмыз.

            Еліміздің келесі жылы атқаратын ЕҚЫҰ-дағы төрағалығы Елбасының сипаттауы бойынша стратегиялық ұлттық жоба болып табылады. Бұл Қазақстанның тәуелсіздік жылдарындағы өте маңызды жетістігі және елдің артып отырған беделін көрсетеді. Қазіргі таңда ресми Астана алдағы жауапты міндетке қызу дайындық үстінде.

            Қазақстан Республикасының Еуро­падағы қауіпсіздік және ынтымақтастық жөніндегі ұйым жанындағы Тұрақты өкілдігі 1995 жылы еліміздің Австриядағы елшілігінің, сонымен қатар, Венадағы халықаралық ұйымдар жанындағы тұ­рақты өкілдігінің құрамында бас көтерген болатын. Осыған орай атап өтерлік жайт, Вена қаласында ЕҚЫҰ-мен бірге бірнеше басқа да халықаралық ұйымдардың штаб-пәтерлері шоғыр­ланған. Олардың қата­рында – Халықаралық атом энергиясы жөніндегі агенттік, Ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу туралы шарт жөніндегі ұйым, БҰҰ-ның Есірткі мен қылмыстық істер жөніндегі басқармасы, БҰҰ-ның Өнер­кәсіптік даму ұйымы және басқалары. Тиісінше дипломатиялық жұмыс ауқымы да зор. Сондықтан да болар, АҚШ, Ресей және басқа да алып елдердің Вена қаласында тұрақты түрде үш-төрт дипломатиялық өкілдіктері қызмет етеді.

            Біздің еліміздің ЕҚЫҰ-мен арадағы қарым-қатынасы соңғы жылдары едәуір арта түсті. Осыған орай Елбасының Өкі­мі­мен 2008 жылы Қазақстан Респуб­ли­касының ЕҚЫҰ жанындағы жеке Тұ­рақ­ты өкілдігі ашылды (Қазақстан Респуб­ли­касы ЕҚЫҰ жанындағы Тұрақты өкіл­дігі Венаның 1-ші ауданындағы (“Іnnere Stadt”) Виплингерштрассе көшесі 35-те, жаңа офистік ғимаратта, Биржаның та­рихи үй-жайының қарсысында орналас­қан. Картада көрсетілген). Бұл шешімді қабылдауға еліміздің 2010 жылы Ұйымда төрағалық етуіне дай­ын­дық және оны өткізу, сонымен бірге ЕҚЫҰ Үштігіне қатысу міндеттері себеп болды.

            Былтырғы жылы Президенттің Жар­лы­ғымен Қазақстанның ЕҚЫҰ жанын­дағы Тұрақты өкілі болып елші Қайрат Әбдірахманов тағайындалды. 1993 жылдан бері Сыртқы істер министрлігі жүйесінде қызмет етіп келе жатқан кадрлық дип­ло­мат бұрын СІМ-нің орталық аппара­тын­да, Қазақстанның Ұлыбританиядағы ел­ші­лігінде жауапты қызмет атқарды, ми­нистрдің орынбаса­ры, еліміздің Израиль­де­гі, ал кейіннен Австриядағы елшісі болды.

            Осылайша, қазіргі кезде Вена қала­сында Қазақстанның екі жеке дипло­матиялық миссиясы қызмет атқарады – біреуі ЕҚЫҰ мәселелерімен шұғылданса, екіншісі Австрия мемлекетімен және бірқатар халықаралық ұйымдармен қарым-қатынастарды қамтиды.

            ЕҚЫҰ жанындағы Тұрақты өкілдікте 20-дан астам дипломат жұмыс істейді. Бұлар — дипломатиялық тәжірибесі бар, өздерін ЕҚЫҰ және басқа да халықаралық құрылымдармен қарым-қатынас саласындағы қызметте жақсы жағынан көрсеткен кадрлар. Әскери-саяси салада Қорғаныс министрлігінің сараптамалық әлеуеті қолданылуда.

            Сонымен бірге, бірқатар қазақстандық дип­ломат ЕҚЫҰ Хатшылығы мен Ұйым институттарында жауапты қызмет атқарады. Ал жақында Тұрақты өкілдікте кеңесші-уәкіл қызметін атқарған Жандос Аса­нов деген азаматымыз Минскідегі ЕҚЫҰ офисі басшысының орынбасары бо­лып тағайындалды. Бұл саяси мәсе­ле­лер жөніндегі жоғары лауазым болып та­бы­лады. Жалпы, Қазақстан дипломат­та­рын ЕҚЫҰ-ның маңызды құрылым­да­ры­на іссапарға жіберу алдағы төрағалы­ғы­мыз­ды жүзеге асыруда ЕҚЫҰ Хатшы­лы­ғымен өзара әрекеттестіктің жоғары дең­гейі мен үйлесімді жұмысын қамтамасыз етпек.

            Қазіргі күні Тұрақты өкілдік жұмысы­ның белсенділігі Қазақстанның ЕҚЫҰ төрағаларының Үштігіне қатысуынан туындайды. Оқырмандарымызға мәлім болар, аталған Үштікті Ұйымның қазіргі, алдыңғы және кейінгі төрағалары құрай­ды. Биылғы жылы Үштікке Грекия, Фин­ляндия және Қазақстан қатысады. Үштік іс-қимылдар мен ортамерзімдік жос­пар­лауды үйлестірудің маңызды құралы бо­лып табылады. Ол Ұйым қызметіндегі сабақтастықты қамтамасыз ететін және қазіргі төрағаға кеңес беретін орган болып табылады. Министрлер үштігінде елімізден Сыртқы істер министрі Марат Тәжин болса, Венадағы ЕҚЫҰ-ның штаб-пәтерінде Үштіктің жұмысына Тұрақты өкілдік қатысады.

            Елші бейсенбі сайын Вена орталығын­дағы императорлық Хофбург сарайында жиналатын ЕҚЫҰ-ның Тұрақты кеңе­сін­де Қазақстан атынан өкілдік етеді. Тұрақ­ты кеңес Ұйымының күнделікті жедел қыз­меті үшін жауап береді, ЕҚЫҰ-ға қатыс­ты барлық мәселелер бойынша кеңестер өткізеді

және шешімдер қабылдайды. Арнайы жағдайлар бойынша да шақы­рыла алады. Оның жұмысына қазіргі төр­ағаның өкілі басшылық етеді. Бұл мәртебелі әрі жауапты міндеттің келесі жылы Қазақстанға өтетіні мәлім.

            Дипломаттар Тұрақты кеңестен басқа ЕҚЫҰ-ның үш өлшемі (әскери-саяси, экономикалық-экологиялық және гума­нитарлық бағыттар) бойынша күн сайын болатын саналуан жиындарға белсенді қатысуда. Тіпті олардың бірқатарына Қазақстан жетекшілік етеді.

            Мысалы, ағымдағы жылы еліміз ЕҚЫҰ-ның Жерортатеңіздік әріптес ел­дермен ынтымақтастық жөніндегі бай­ла­ныстары тобына төрағалық жасауда. Оның құрамына Ұйымға қатысушы 56 ел­ден басқа Алжир, Египет, Израиль, Иордания, Марокко және Тунис кіреді. Жерортатеңіздік әріптестермен өзара іс-қимыл – ЕҚЫҰ қызметінің маңызды ба­ғыттарының бірі болып табылады және де өзара тиімді мүдделер салаларын, сондай-ақ қауіпсіздікті қамтамасыз ету мен қауіп-қатерлерге қарсы тұру әрекеттерін одан әрі үйлестіру мақсатындағы мүмкіндік­тер­ді анықтауға бағытталған. Байланыс то­бы­ның мәжілісі ай сайын болып отырады және оған Қазақстан Республикасының Тұрақты өкілі төрағалық етеді. Әр мәжіліс тиісті дайындық және үйлестіру жұмысын талап етеді. ЕҚЫҰ-ның осы тобымен ын­тымақтастығына өз үлесін қоса отырып, елі­міз биылғы жылы Астанада Толерант­тылық пен кемсітпеушілік мәселелері бойын­ша семинар өткізіді. Іс-шара Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері үшінші съезінің қарсаңында өтті және оған Жерортатеңіздік әріптестердің, Палестинаның, ЕҚЫҰ Үштігінің өкілдері, Ұйым институттарының басшылары мен сарапшылары қатысты.

            Ал үстіміздегі жылы қазаннан бастап Қазақстан өкілі ЕҚЫҰ бюджетін қалып­тастыру жөніндегі үйлестіру жұмысын бастайды. Ұйымның басты қаржылық құ­жатының соңғы бірнеше жылдары уақ­ты­лы қабылданбауы үйлестіру жұмысының оңай емес екенін айғақтайды. Ұйымдағы тиісті шешімді қабылдау үшін барлық 56 қатысушы елдің келісімі болуы міндетті. Мысалы, ағымдағы жылдың бюджеті тек сәуірдің 2-сінде ғана қабылданды (анық­тама ретінде атап өтсек, ЕҚЫҰ жылдық бюджетінің жалпы сомасы биыл 158 676 700 еуроны құрады).

Күнделікті жұмыстан басқа Өкілдік ЕҚЫҰ-ның жыл сайынғы және маусым сайын болатын әртүрлі деңгейдегі мәжі­ліс­терін ұйымдастыруға атсалысады. Олар­дың қатарында – ЕҚЫҰ Сыртқы істер министрлерінің кеңесі, Парламент­тік Ассамблеяның мәжілістері, Экономи­ка­лық және экологиялық форум, Орын­дауды бағалау жөніндегі жыл сайынғы мә­жіліс, Қауіпсіздік саласындағы пробле­ма­ларға шолу бойынша жыл сайынғы конференция, Адами өлшемдегі міндет­те­мелерді орындау барысы жөніндегі мәжі­ліс және тағы басқалары. Бұл іс-шара­ларға еліміздің жоғары лауазымды ресми өкілдері, парламентшілері, әскери сарап­шылар, үкіметтік емес ұйымдар және баспасөз өкілдері белсенді қатысады.

            Төрағалық қарсаңында Тұрақты өкіл­дік тиісті ақпараттық-насихаттау жұмы­сын жүргізуде. Өкілдіктің интернет тора­бын­дағы үш тілдік веб-сайты жұмыс іс­тей­ді (оның мекен-жайы – www.kazakhstan-osce.org). Сайтта Қазақстан мен ЕҚЫҰ арасындағы қарым-қатынас жөніндегі жан-жақты ақпарат шоғырланған әрі басты беті қазақ тілінде ашылады.

            Сонымен қатар, Тұрақты өкілдік биылғы жылы қаңтардан бері ай сайын “The KAZAKHSTAN REPORT” атты ағылшын тіліндегі жаршысын шығарады. Жаршы Қазақстандағы аса маңызды оқиғалар жайында, республиканың халықаралық сахнадағы бастамалары туралы баян етеді, сондай-ақ еліміздің қазіргі заманғы көкейкесті проблемаларға қатысты айқындамасын түсіндіреді. Мы­салға, Семей мен Аралдағы экологиялық апаттар тек Қазақстанның ішкі мәселесі ғана емес, олардың жаһандық ауқымдағы проблемалар екеніне назар аударылады. Негізінде Қазақстан Республикасының “Еуропаға жол” атты мемлекеттік бағ­дарламасының мәнісі тұрғысында жаршы еуропалық жұртшылыққа арналған. Жар­шының баспалық нұсқасы Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық жөнін­де­гі ұйымында таратылады. Сондай-ақ сан­даған электрондық жазылушылары бар.

            Елші Қ.Әбдірахмановтың атап көр­сеткеніндей, “Елбасының, Парламенттің және Сыртқы істер министрлігінің қол­дауы арқасында Тұрақты өкілдік мате­риал­дық және техникалық жағынан айтар­лықтай күшейтілді. Бүгінгі таңда Тұрақты өкілдіктің жақсы жабдықталған кеңсесі Австрия астанасының орталығын­дағы заманға сай жаңа ғимаратында ор­наласқан”. Кеңсе көршілерінің қатарында Еуропалық комиссия, Еуропарламент өкілдіктері және ОПЕК штаб-пәтері бар. Жаяу жүрерлік қашықтықта ЕҚЫҰ Хатшылығы мен Ұйымның мәжілістері өтетін Хофбург сарайы орналасқан.

            Жуырда, еліміздің мемлекеттік мей­рамы – Конституция күніне орай ЕҚЫҰ Хатшылығының қызметкерлері үшін қабылдау және Тұрақты өкілдік офисінің таныстырылымы өткізілді. Іс-шараға ЕҚЫҰ Бас хатшысы Марк Перрен де Бришамбо, Жанжалдардың алдын алу орталығының директоры Герберт Зальбер, Экономикалық және экологиялық қызметті үйлестіруші Горан Свиланович, Ұйым Хатшылығының құрылымдық бөлімшелерінің басшылары, сондай-ақ ЕҚЫҰ төрағалары үштігінің құрамына кіретін Финляндия және Грекия дипло­матиялық миссияларының басшылары қатысты. Осы қабылдау кезінде оған қа­тысқан мәртебелі меймандар Қазақстан­ның ЕҚЫҰ төрағалығына жан-жақты дайындығын айрықша атап өтті.

            “Алдағы кезең тапсырмаларының қарқыны мен қиындығы және жоғары деңгейіне, сонымен қатар, қазақстандық мамандардың оларды шеше білу қабі­леттері Қазақстанның әлемдік аренадағы беделінің нығаюына, халықаралық оң бет-бейнесін қалыптастыруда және мем­лекетіміздің дамуына қолайлы жағдай жасауға негіз болады”, – деді жақында елі­міздің Сыртқы істер министрі Марат Тәжин өзінің дипломатиялық ведомство алқасында сөйлеген сөзінде.

Ендеше, еліміздің дипломатиялық қызметінде келесі жылы атқарылатын маңызды шараға іске сәт тілейік.

 

ҚАЗАҚПАРАТ, 08.01.2009,  АҒЫМДАҒЫ ЖЫЛДЫҢ МАМЫР АЙЫНДА «ҚАЗІРГІ ҚАЗАҚСТАН ЖӘНЕ «ЕУРОПАҒА ЖОЛ» АТТЫ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ПАРЛАМЕНТТІК КОНФЕРЕНЦИЯ ӨТКІЗУ ЖОСПАРЛАНУДА ? МӘЖІЛІС ТӨРАҒАСЫ

            ҚАНАТ МӘМЕТҚАЗЫҰЛЫ

            Ағымдағы жылдың мамыр айында елордада «Қазіргі Қазақстан және «Еуропаға жол» атты халықаралық парламенттік конференция өткізу жоспарлануда. Бұл туралы бүгін Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында сөз сөйлеген Мәжіліс Төрағасы Орал Мұхамеджанов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.       

«Парламент жұмысындағы басым бағыттардың бірі Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалық ету барысында Қазақстанның бастамасын іске асыруды қамтамасыз ету болып табылады.            Осыған байланысты Мәжіліс 2009 жылдың мамыр айында «Қазіргі Қазақстан және «Еуропаға жол» атты халықаралық парламенттік конференция өткізуді жоспарлап отыр», деді Төраға.

            Сонымен бірге, жалпы заң шығару үдерісінің сапасын жақсарту, отандық заңнаманың тиімділігін арттыра түсу мәселесіне тоқталған О. Мұхамеджанов, Мәжілістегі фракцияның партиялық ықпалын пайдалана отырып заңдардың, сондай-ақ экономиканы дамыту мен азаматтардың әлеуметтік жағдайларын жақсарту жөніндегі бекітілген бағдарламалардың орындалуына бақылау ұйымдастыру қажеттігін атап өтті. Мәжіліс Төрағасы бұдан басқа биылғы жылға жоспарланған шараларға да шолу жасады.

            Оның айтуынша, алдағы наурыз айында «Қазақстан Республикасында техникалық және кәсіптік білім беруді дамытудың 2008 ? 2012 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын іске асыруды заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз ету» атты парламенттік тыңдау жоспарланған. «Техникалық және кәсіптік білім берудің тиімді, жоғары ұлттық жүйесін жасау ел экономикасының тұрақты дамуын қамтамасыз ететін негізгі факторлардың бірі. Сондықтан да парламенттік тыңдаудың осындай өзекті тақырыбы таңдалды.

            Мұндай жүйе жастарды жұмысқа орналастыру мүмкіндіктерін кеңейтуге, шетелдік жұмыс күшін алмастыра алатын, жаңа технологияларды игере отырып жұмыс істеу үшін қажетті жоғары біліктілігі әрі іргелі білімі бар бәсекеге қабілетті қазақстандық кадрларды қалыптастыруға ықпал ететін болмақ», деді О. Мұхамеджанов.

ҚАЗАҚПАРАТ, 08.01.2009, 2008 ЖЫЛҒЫ ҮКІМЕТТІҢ ҚЫЗМЕТІ: ЭКОНОМИКАЛЫҚ ДАМУ

2008 жылы Үкімет қызметіндегі басым бағыттар қандай болды? Осы кезеңдегі әлеуметтік-экономикалық дамудың негізгі көрсеткіштері қандай? ҚазАқпарат экономикалық блоктың ақпараттық-анықтамалық материалдарды ұсынады.

Экономикалық даму Әлемдік қаржы дағдарысының шиеленісуіне қарамастан 2008 жылдың қорытындысы бойынша ішкі жалпы өнімнің іс жүзіндегі өсуі 3 пайыздан жоғары деп болжамдалуда. Тұтынушылар бағасының 2008 жылғы қарашадағы индексі 2007 жылғы желтоқсанмен салыстырғанда ? 109,2 пайызды, 2008 жылғы қаңтар-қарашада 2007 жылғы қаңтар-қарашамен салыстырғанда 116,5 пайызды құрады. Ағымдағы жылғы қаңтар-қарашадағы инфляциялық үдерістердің қарқыны ағымдағы жылдың аяғына дейін жоспарланған өлшемдерде, 10 пайыздан жоғары деңгейде сақталады. Негізгі капиталға инвестиция тарту 2008 жылғы қаңтар-қарашада 3299,2 млрд. теңгені құрады, ол 2007 жылғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда 16,6 пайызға артық. Инвестицияларды мемлекеттік қолдау іс-шараларының аясында есепті кезеңде кәсіпорындармен (инвесторлармен) инвестициялық преференцияларды көздейтін, инвестицияларды жүзеге асыруға 42 келісімшарт жасалды. Инвестициялардың жалпы көлемі 875,4 млрд. теңгені құрады. Экономиканың жаһандық құлдырауы кезеңіне Қазақстан алтын-валюта резервтерінің және Ұлттық қордың берік қорымен енді. Олардың жалпы көлемі 2008 жылғы қарашаның 1-інде 47 млрд. АҚШ долл. құрады. Мемлекеттік борыштың мөлшері ішкі жалпы өнімнің 1,5 пайызынан аспайды, бюджет тапшылығы төменгі деңгейде қалып отыр және ішкі жалпы өнім 2 пайыздан аспайды.

Қабылданған жаңа Салық кодексі экономиканы жаңғырту мен әртараптандыруға, бизнесті «көлеңкеден» шығаруға ықпал етеді. Жаңа Салық кодексі мыналарды: - тікелей әрекет ету заңдарының принциптерін іске асыруды; - экономиканың шикізат емес секторына түсетін жалпы ауыртпалықты төмендетуді; - экономиканы жаңғырту мен әртараптандыруға ықпал ететін жағдайларды жасауды; - салықтық әкімшілікті жетілдіру және салықтық рәсімдерді жеңілдету есебінен бизнесті жүргізу үшін жағдайды жақсартуды көздейді. Салық кодексінің негізгі ең маңызды және тұжырымды сәттері мынадай нормалар болып табылады: - корпоративті табыс салығының ставкасын кезең-кезеңде, атап айтқанда 2009 жылы 20 пайызға дейін, 2010 жылы 17,5 пайызға дейін және 2011 жылы 15 пайызға дейін төмендету; - инвестициялық салықтық преференциялар тек корпоративті табыс салығы бойынша ғана ұсынылатын болады; - бір мезгілде залалдарды ауыстыру мерзімі 3 жылдан 10 жылға дейін ұзарады, ол инвестицияларды тез есептен шығару басымдылығын пайдалануға толық көлемде мүмкіндік береді; - 2009 жылдан бастап қосылған құн салығы 12 пайызға тең болады. 2009 жылдан бастап «дебеттік» сальдо деп аталатын сатып алушылар төлеген ҚҚС сомасынан жоғары жеткізіп беруші төлеген ҚҚС сомасының артығын қайтару туралы ереже енгізілді. Әлемдік қаржы дағдарысынан экономиканы тұрақтандырудағы қазіргі жағдайда Салық кодексінде қаржы секторына салық салуға қатысты бірқатар мәселелер көрініс тапты. Атап айтқанда, 2009-2011 жылдарға арналған кезеңдерде левередждің шекті коэффициентін (жеткілікті капиталдау ережесі) арттыру есебінен сыйақыны шегеру мөлшері қаржы ұйымдары үшін 7-ден 9-ға дейін, заңды тұлғалар үшін 4-тен 6-ға дейін арттырылды. Шағын несиелік ұйымдарға салық салу кезеңі ішінде берілген несиелердің сомасынан 15 пайыз аспайтын күмәнді шағын несиелерге қарсы резерв құру бойынша шығыстардың сомасын шегеруге жатқызу құқығы берілген. Салық кодексі салықтық бақылаудың қолданыстағы әдістерін дәл реттеуді қамтиды. Ағымдағы жылы жаңа Бюджет кодексі қабылданды, онда нәтижелерге, үш жылдық бюджетке көшуге бағдарланған бюджеттік жоспарлаудың жаңа әдістерін енгізуді көздейді және экономикалық және бюджеттік жоспарлауды үйлестіруге және бюджеттік қатынастарды жетілдіруге бағытталған. Осы заңның басты мақсаты ? мемлекеттік органдардың қызметтерін жоспарлаудан бастап және қаржылық бақылау үдерістерімен аяқталатын нақтылы нәтижелерді алуға бағдарлау. Бюджет кодексі оның барлық кезеңдеріндегі үдерістерде жаңа ұйымдар үшін құқықтық негіз құрады, мемлекеттік биліктің барлық деңгейлерінде дербестік пен жауаптылықты, сондай-ақ мемлекеттік қаражатты басқарудың тиімділігі мен айқындылығын арттырады.

Тұңғыш рет жаңа Бюджет және Салық кодекстерінің негізінде Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі көрсеткіштерін көрсететін және Мемлекет басшысы Жолдауда алға қойған іс-шараларды іске асыруға бағытталған 2009-2011 жылдарға арналған үшжылдық республикалық бюджет бекітілді. Үшжылдық бюджетті қалыптастыру нәтижеге бағдарланған бюджеттеуді енгізуді көздейтін мемлекеттік жоспарлаудың жаңа жүйесіне сәйкес жүзеге асырылды. Заң жобасын қалыптастыру барысында макроэкономикалық көрсеткіштердің экспорттық ұстанымдары негізінде бағаларды төмендетуге әкелген жаһандық дағдарыстың екінші толқыны салдарынан макроэкономикалық көрсеткіштердің өзгертілуіне байланысты республикалық бюджеттің өлшемдері нақтыланды. 2009 жылға арналған макроэкономикалық көрсеткіштердің өзгертілуіне байланысты республикалық бюджет кірістерінің нақтыланған болжамы (түскен трансферттерді есепке алмағанда) 1 900,6 млрд.теңгені құрады немесе 301,0 млрд.теңгеге азайтылды, 2010 жылға - 2 017,5 млрд.теңгені немесе 444,1 млрд.теңге азайтылды, 2011 жылға - 2 177,8 млрд.теңгені құрады немесе 622,9 млрд.теңге азайтылды. Нәтижесінде республикалық бюджеттің шығыстары 2009 жылға арналып 268,7 млрд.теңге сомаға, 2010 жылға арналып 411,8 млрд.теңге сомаға, 2011 жылға арналып 476,5 млрд.теңге сомаға оңтайландырылды. Оңтайландырудың нәтижесінде мемлекеттік органдардың әкімшілік функцияларын қамтамасыз етуге, атап айтқанда мемлекеттік органдар мен мекемелерді материальдық-техникалық жарақтауға және күрделі жөндеуге арналып бағытталған шығыстар қысқартылды.

            Бұл ретте 2009-2011 жылдарға арналған республикалық бюджетте Мемлекет басшысының Қазақстан халқына арнаған Жолдауында айтылған барлық тапсырмалар ескерілген, атап айтқанда: республика азаматтарының әл-ауқатын арттыру бойынша:- бюджет саласындағы қызметкерлердің жалақыларының мөлшерін, зейнетақылардың және студенттердің шәкіртақыларын 2009 жылы ? 25 пайызға, 2010 жылы ? 25 пайызға және 2011 жылы ? 30 пайызға арттыру; - оларды ең аз өмір сүру мөлшерінен 50 пайызға дейін жеткізуді ескере отырып өмір сүрудің ең аз мөлшерін және базалық зейнетақы төлемдерін арттыру; - мемлекеттік әлеуметтік және арнайы жәрдемақылардың мөлшерін, балалардың бір жасқа толғанша оларды күту бойынша ай сайынғы жәрдемақылар мен 4 және одан көп бала тапқанына арналған біржолғы жәрдемақылардың мөлшері; экономикалық өсудің орнықты қарқынын жаңғырту және қамтамасыз ету бойынша:- білім берудің тиімді инфрақұрылымын құру және кәсіби техникалық білім беруді одан әрі дамыту, халықты балалардың мектепке дейінгі мекемелерімен қамтамасыз ету; - денсаулық сақтау инфрақұрылымдарын дамыту; - көліктік, инженерлік және энергетикалық инфрақұрылымдарды қоса алғанда экономиканың негізгі секторларын алдын-ала инфрақұрылымдық қамтамасыз ету; - елдің азық-түлік қауіпсіздігін, шикізатты қайта өңдеуді қоса алғанда ауыл шаруашылығын жүйелік қолдау бойынша одан әрі іс-шараларды қамтамасыз ету. Республикалық бюджеттің шығыстарында ірі халықаралық іс-шараларды іске асыруға, елдің беделін және ішкі қауіпсіздігін арттыруға арналған, оның ішінде Қазақстанның 2010 жылы ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуі, 2011 жылы Азия ойындарына даярлығы және өткізу, Шортанды-Бурабай курортты өңірінің инфрақұрылымын дамыту, ғарыштық бағдарлама, жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша шығындар көрініс тапқан.

 

 

            ҚАЗАҚПАРАТ, 09.01.2009, Қ. САУДАБАЕВ ИСЛАМ КОНФЕРЕНЦИЯСЫ ҰЙЫМЫНЫҢ ЖАНЫНДАҒЫ АҚШ-ТЫҢ АРНАУЛЫ ӨКІЛІ С. КУМБЕРМЕН КЕЗДЕСТІ

            ЕРНҰР АҚАНБАЙ

            ҚР Мемлекеттік хатшысы Қанат Саудабаев пен Ислам конференциясы ұйымының жанындағы АҚШ-тың арнаулы өкілі Сада Кумбер бүгін Ақордада кездесті. Онда тараптар өркениеттер арасындағы диалогты дұрыстау мәселесінде, оның ішінде Қазақстанның алдағы 2011 жылы Ислам конференциясы ұйымына төрағалығы тұрғысынан Қазақстан мен АҚШ арасындағы өзара іс-қимылдың көкейкесті мәселелерін талқылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Кездесуде Қ. Саудабаев Қазақстан тәуелсіздігінің алғашқы күндерінен бастап Елбасы Н. Назарбаев біздің көпұлтты және көпконфессиялы мемлекетте бейбітшілік пен келісімді сақтауға және нығайтуға айрықша назар аударып келе жатқанын атап көрсетті. «Бүгінде Қазақстан ұлтаралық және дінаралық төзімділік пен келісімнің жалпыға танылған үлгісі болып табылады. Біздің мемлекет 2010 жылы ЕҚЫҰ-ның, ал 2011 жылы ИКҰ-ның төрағасы болып кездейсоқ сайланған жоқ. Біздің оң тәжірибеміз Мемлекет басшысына Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының құрылтайын, «Ортақ әлем: әралуандылық арқылы ілгерілеу» форумын өткізу сынды айтулы бастамалар көтеруге мүмкіндік берді. Менің ойымша, қазіргі алмағайып заманда әлемдегі өзара түсіністікті нығайтуда бұл Қазақстанның сүбелі әрі лайықты үлесі болып табылады», деді Қ. Саудабаев. «Жаһандану дәуірінде, әсіресе күрделі әлемдік экономикалық дағдарыс ауанында адамзаттың елеулі проблемаларын бірлесіп шешу үшін барлық елдердің күш-жігерін біріктіру маңызды. Сондықтан да Қазақстан ЕҚЫҰ-ға және ИКҰ-ға алдағы төрағалығы кезінде халықтар мен елдер арасындағы сенім мен өзара түсіністікті нығайту үшін белсенді жұмыс істейтін болады», деп толықтырды сөзін Мемлекеттік хатшы. Өз кезегінде С. Кумбер мұсылман әлемімен өзара түсіністікті нығайтуға мүдделі АҚШ Қазақстанның жоғарыда атап өтілген бастамаларын қолдайтынын айтты. Тараптар осындай маңызды саладағы ынтымақтастықты одан әрі дамытуға мүдделі екендерін білдірді.

ҚАЗАҚПАРАТ, 12.01.2009, 2009 ЖЫЛДАН БАСТАП ҚАЗАҚСТАН ЕҚЫҰ ТӨРАҒАЛАРЫ ҮШТІГІНІҢ ҚҰРАМЫНА КІРДІ Е.АШЫҚБАЕВ

            ГҮЛМИРА ӘЛИАКПАРОВА

            2009 жылғы қаңтардың 1-інен бастап Қазақстан Республикасы ЕҚЫҰ төрағалары Үштігінің құрамына кірді. Бұл туралы бүгін өткен брифингте ҚР Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Ержан Ашықбаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Оның атап көрсеткеніндей, ЕҚЫҰ ережелеріне сәйкес Үштікті Ұйымның қазіргі, алдыңғы және кейінгі төрағалары құрайды. Биылғы жылы ЕҚЫҰ Үштігіне Грекия (қазіргі төраға), Финляндия (2008 жылғы төраға) және Қазақстан (2010 жылы) қатысады. Үштік ұйым жұмысының барлық өлшемдерінің, яғни әскери-саяси, экономикалық және қоршаған ортаны сақтау, гуманитарлық іс-қимылдарды үйлестірудің маңызды құралы болып табылады.

            Сондай-ақ, Ұйым қызметіндегі сабақтастықты қамтамасыз ететін және Ұйымды басқаруда қазіргі төрағаға кеңес беретін орган болып табылады. Үштік мүшесі ретінде Қазақстан аталмыш органның жоғары деңгейдегі барлық кездесулеріне қатысады.         Ал үстіміздегі жылдың соңғы айларынан бастап ЕҚЫҰ-ның Экономикалық-экологиялық форумы мен Басқару мен қаржы жөніндегі консультативтік комитетке төрағалық ететін болады. «Сондай-ақ биыл Қазақстан ЕҚЫҰ-ның Жерорта теңізіндегі әріптестерімен Ынтымақтастық жөніндегі Топқа төрағалық ететін болады. Бұл орган ЕҚЫҰ-ның 56 мүше-мемлекеті мен Алжир, Египет, Израиль, Иордания, Марокко және Тунисті біріктіреді. Қазақстан төрағалық ету кезеңінде Жерорта теңізі өңірлерінің ЕҚЫҰ-мен жақындасуына, диалог пен ынтымақтастықты нығайтуға жәрдемдесуге ниетті. Өңірдегі сенім шараларын нығайту, ұлтаралық және дінаралық келісімді сақтау сияқты мәселелерде тәжірибе алмасу да көзделуде. Сонымен бірге, Топқа қатысушы мемлекеттерді үстіміздегі жылы Астанада өтетін Әлемдік және дәстүрлі діндер басшыларының ІІІ съезіне шақыру жоспарланып отыр.

 

 

            ҚАЗАҚПАРАТ,13.01.2009, ҚАЗАҚСТАН ЕЛШІСІ ЛИТВА ПРЕЗИДЕНТІНЕ СЕНІМ ГРАМОТАСЫН ТАПСЫРДЫ

            Кеше Вильнюс қаласында Қазақстан Республикасының Төтенше және Өкілетті Елшісі Ғалымжан Қойшыбаев Литва Республикасының Президенті Валдас Адамкусқа Сенім грамотасын тапсырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Президент сарайында өткен салтанатты рәсімде Қазақстанның Елшісі Қазақстан мен Литва арасындағы саяси, экономикалық және мәдениет салаларындағы ынтымақтастықтың ілгері дамуын, сонымен қатар халықтарымыздың арасындағы дәстүрлі достас қарым-катынастарының нығайып жатқандығын атап өтті.

Алдағы жылдарда сындарлы саяси диалог біздің елдер арасындағы ЕҚЫҰ «Үштік» төрағалары шеңберіндегі бірлесіп атқарылатын жұмыста өз жемісін бермек. Литва Президенті Сенім грамотасын қабылдай отырып, «Қазақстан Литва үшін Орталық Азия өңіріндегі маңызды әріптес» екендігін айтып өтті.

Екіжақты тауар айналымының едәуір өскендігіне, экономикалық, көлік және транзиттік әлеуеттердің пайдаланылуына зор мән берілгендігіне назар аударды. Литва Президентінің пікірі бойынша, өткен жылы қабылданған «Еуропаға жол» Мемлекеттік бағдарламасы және ЕҚЫҰ шеңберіндегі қарым-қатынас елдер арасындағы жемісті ынтымақтастықты одан әрі кең және белсенді әрекеттес етуге ынталандырады. Сонымен қатар, В.Адамкус Қазақстанның Еуропалық Одақпен жақындасуына Литва ықпал ететіндігіне сенім білдірді. Салтанатты рәсімнен кейін болған сұхбатта Қазақстан дипломаты Литва Президентін Қазақстанның экономикалық және саяси жағдайы, сыртқы саясатының маңызды бағыттары мен еліміздің бастамалары туралы хабардар етті.

Литва Президенті В.Адамкус Қазақстанның гүлденуі мен қазақ халқының игілігіне бағышталған мемлекеттік істерде Қазақстан Президенті Н.Назарбаевқа шын жүректен табыс тілейтіндігін жеткізуді сұрады.

ҚАЗАҚПАРАТ, 13.01.2009, МЕМЛЕКЕТ БАСШЫСЫНА АДАМ ҚҰҚЫҚТАРЫ ЖӨНІНДЕГІ КОМИССИЯНЫҢ 2008 ЖЫЛҒЫ ЖҰМЫСЫ ТУРАЛЫ ЕСЕП ҰСЫНЫЛДЫ

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев ҚР Президенті жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссияның төрағасы Сағынбек Тұрсыновты қабылдады. ҚазАқпараттың ҚР Президентінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлауынша, Сағынбек Тұрсынов Мемлекет басшысына Комиссияның 2008 жылғы жұмысы туралы есеп ұсынды. - Мемлекет басшысының тапсырмасымен Комиссия 3 жылдық іс-қимыл жоспарын жасады. Біздің жұмысымыз БҰҰ мен ЕҚЫҰ тарапынан жоғары баға алды. Енді біздер адам құқықтарын қорғау саласын одан әрі жетілдіру тетіктерін табуымыз керек, - деді Сағынбек Тұрсынов.

 

ҚАЗАҚПАРАТ, 13.01.2009, ЕРТЕҢ АСТАНАДА ЕҚЫҰ-МЕН ӨЗАРА ІС-ҚИМЫЛ МӘСЕЛЕЛЕРІ ЖӨНІНДЕГІ ҰЛТТЫҚ САРАПШЫЛАРДЫҢ БАСПАСӨЗ МӘСЛИХАТЫ ӨТЕДІ

МҰРАТБЕК МАҚҰЛБЕКОВ

Ертең Астанадағы ұлттық баспасөз клубында 2008 жылы ҚР Парламенті депутаттары тобы бастамашы болған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне діни сенім және діни бірлестіктер мәселелері бойынша өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР Заңы жобасы бойынша ЕҚЫҰ-мен өзара іс-қимыл мәселелеріне арналған Қазақстан ұлттық сарапшыларының баспасөз мәслихаты өтеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. Қазақстан ЕҚЫҰ мүшесі және 2010 жылы осы Ұйымға төрағалықты қабылдап алуға ниеттеніп отырғанын ескере отырып, заң жобасы ЕҚЫҰ-ның Адам құқықтары жөніндегі демократиялық институттар бюросына құжаттың адам құқықтарын сақтау жөніндегі халықаралық стандарттарға сәйкестігіне сараптама жасау үшін ресми түрде берілді.

Оның нәтижелері бойынша Қазақстанда екі кездесу өтті, оған ЕҚЫҰ-ның Адам құқықтары жөніндегі демократиялық институттары бюросының АҚШ-тағы, Ресейдегі, Қазақстандағы сарапшылары қатысты. Баспасөз мәслихатында Қазақстан мен ЕҚЫҰ сарапшылары өзара пікір алысады. Заң жобасы сегіз ай бойы талқыланып, үш рет ҚР Үкіметінің оң қорытындысына ие болды.

Өткен жылғы қарашада Қазақстан Парламенті жобаны бірауыздан дерлік қолдап, Мемлекет басшысының қол қоюына жіберді. Мемлекет басшысының атына арнайы жолдауында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы мен Қазақстандағы Орыс православ шіркеуі заң жобасына және ел Президентінің дін саласындағы саясатына қолдау білдірді.

Айта кетейік, қаңтардың 12-сінде Қырғызстан Президенті Құрманбек Бакиев «Қырғыз Республикасындағы діни сенім бостандығы және діни ұйымдар туралы» Заңға қол қойды, ол діни ұйымдарға қатысты реттеу шараларын көздейді.

 

 

 

           

ҚАЗАҚПАРАТ,15.01.2009,ПАРЛАМЕНТ САЙЛАУ ТУРАЛЫ ЗАҢҒА ЕНГІЗІЛГЕН ӨЗГЕРІСТЕРДІ ҚАБЫЛДАДЫ

ҚАНАТ МӘМЕТҚАЗЫҰЛЫ

Бүгін ҚР Парламенті Сенатының жалпы отырысында палата депутаттары «ҚР Сайлау туралы» ҚР Конституциялық заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңын қабылдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Аталған құжат республикамызда өткізілген сайлау науқандарына жасалған талдаулар ескеріле отырып, сайлау заңнамасын жетілдіруге бағытталады. Сонымен бірге, былтырғы жылы Астанада өткен ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясының 17-ші сессиясы барысында ҚР Президенті электоралдық үдерістің рәсімдік сәттері мен сайлау заңнамасын жетілдіру қажеттілігі туралы атап өткен болатын.

Онда Парламент Мәжілісінде ең кемі екі саяси партияның өкілдік етуіне қатысты құқықтық тетікті әзірлеу жүктелген еді. Осыған байланысты «Сайлау туралы» конституциялық заңына тиісті өзгерістер енгізіліп отыр. Атап айтқанда, егер дауыс беруге қатысқан сайлаушылар дауысының жеті пайызын бір саяси партия ғана алса, онда депутаттық мандаттарды бөлуге аталған саяси партияның тізімі, сондай-ақ сайлаушылар дауысының одан кейінгі ең көп санын жинаған партияның тізімі жіберілетін болады.         Сондықтан да, бұндай норма сайлау нәтижесіне қарамастан Парламент Мәжілісін кемінде екі саяси партияның қатысуымен қалыптастыруға кепілдік береді. Бұдан басқа заң жобасымен Орталық сайлау комиссиясының сайлау туралы заңнаманы түсіндіру, тек саяси партиялардың өкілдерімен ғана емес, сондай-ақ сайлау үдерісіне басқа да қатысушылармен семинарлар өткізу секілді өкілеттіктеріне қатысты түзетулер енгізілген. Сайлау науқанын жазып-көрсету кезінде барлық кандидаттар үшін тең жағдайларды қамтамасыз ету мақсатында БАҚ-тың жұмысы, баспасөз беттеріндегі орын, эфир уақытының көлемі бойынша бірдей тарату міндеттілігі белгіленеді. Сонымен бірге, заң жобасында сыбайлас жемқорлық қылмыс немесе әкімшілік құқық бұзушылық жасаған, сот кінәлі деп таныған адамдардың сайлау үдерісіне қатысуына тиым салынатын болады.

Ол бойынша заң нормасы жаңа редакцияда: «Сыбайлас жемқорлық қылмыс және сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасаған кінәсі сотта танылған адам ҚР Президенттігіне, Парламент депутаттығына, соның ішінде партиялық тізім бойынша депутаттыққа, мәслихаттардың депутаттығына кандидат, сондай-ақ өзге де өзін-өзі басқару органдарының мүшелігіне кандидат бола алмайды», деп жазылды. Парламент қабылдаған заң Мемлекет басшысының қол қоюына жіберіледі.

ҚАЗАҚПАРАТ,15.01.2009, ДІН МӘСЕЛЕСІН РЕТТЕУГЕ БАҒЫТТАЛҒАН ЗАҢ ЖОБАСЫ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ТАЛАПТАРҒА ТОЛЫҚ ЖАУАП БЕРЕДІ ? САРАПШЫЛАР

АЙДАР ОСПАНАЛИЕВ

«Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне діни сенім бостандығы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы қазір Конституциялық кеңестің қарауында жатыр. Біздің ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажетті заңды қабылдатқысы келмейтін сыртқы ықпалдар осыны пайдаланып, заң жобасы «халықаралық талаптарға сай емес» деп жалаулату арқылы тағы бір рет тұяқ серпіп қалуға тырысып-ақ бағуда. Естеріңізге сала кетейік, Парламенттің бір топ депутаттары бастамашы болып дайындаған заң жобасына ә дегеннен қалың көпшіліктің назары ауған. Оның жөні де бар. Өйткені кезінде қабылданған «солқылдақ» заңның арқасында халқымыз жат діндердің «жырымдауына» түсіп, жымысқы діни ағымдардың әрекетінен талай отбасының шаңырағы шайқалды. Халық бұған төзудей-ақ төзіп келеді. Бірақ баса-көктей ел ішіне кіріп, шұбар жыландай іріткі салуға кіріскен жат пиғылдылардың әрекеті соңғы жылдары халықты ашындыра бастағаны да рас. Қысқасы, ел азаматтарының конституциялық құқықтарын қорғай отырып, діни ағымдар мен бірлестіктердің қызметін оңтайлы реттейтін заңның ауадай қажеттігі айқындалды. Әрине, шектен шыққан дін өкілдерін Республика аумағынан шығарып тастауға мемлекеттің қауқары жетеді. Алайда демократиялық бағытты ұстанып, адам құқықтарын мемлекеттің ең басты құндылығы ретінде бағалап, дінаралық, конфессия аралық татулықтың үлгісі болып отырған Қазақстан үшін мұндай әрекет қол емес. Осындай жағдайда депутаттардың бастамашылығымен дүниеге келген, жоғарыда аталған заң жобасы көпшіліктің көңіліндегісін дөп басқан еді. Алайда Қазақстанды діни ағымдардың ойын алаңына айналдырғысы келетін сыртқы топтар барлық тетіктерін пайдаланып, заң жобасының жолын кесіп бақты. Бірақ жұртшылық арасында кеңінен талқыланып,артық-кемі түзелген заң Парламенттің сүзгісінен өтті. Енді олар халықаралық ұйымдардың беделін бетке салып, Елбасын оған қол қоймауға шақырды. Сондағы уәждері - заң демократия ұстанымдарына сай келетініне «күмәнданады». «Күмәнданады» дегенді тырнақша арқылы жазуымыздың себебі бар. Енді соған келейік. Еуропалық құқық және адам құқықтары сарапшылары институтының директоры заңгер ғалым, Марат Бәшімовтың сөзіне қарағанда, еліміздің сарапшылары заң жобасына байланысты Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық ұйымының өкілдерімен екі рет кездесіп, заң жобасын жан-жақты талқылаған. Осы жұмыстардың басы-қасында жүрген сарапшы мамандардың пікіріне сүйенсек, бізге «демократиялық ұстанымдарды аяқасты еттіңдер» деп ақыл айтып жүрген халықаралық ұйым өкілдерінің өздерінен де шикілік шықты. Мысалы, Халықаралық мәдениет және дін орталығының бөлім меңгерушісі Марина Онучконың пікірінше, дін мәселесіне қатысты жаңа заң жобасын талқылау барысында халықаралық ұйым өкілдері біржақты көзқарас ұстанған. «Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық ұйымының сарапшылары заң жобасын қарау барысында тек екі мәселені - еуропалық және халықаралық стандарттарды негізге алған. Яғни, олар біздің жобамызды осы көзқарастар негізінде ғана бағалап отыр. Бұл дұрыс емес. Өйткені еуропалық стандарт дегеніміз халықаралық стандарт емес. Ол тек Еуропа елдерінде ғана қолданылатын талаптар. Ол қаншалықты дамыған жүйе дегенімізбен, оны толық жетілген деп айта алмаймыз», дейді М. Онучко. Осы орталықтың аға ғылыми қызметкері Махаббат Шахманованың пайымдауынша, халықаралық ұйым сарапшылары дін мәселесін реттейтін жаңа заң жобасын талқылау барысында Қазақстанның қолданыстағы заңдарының нормалары мен Конституция талаптарын ескермеген. «Бұл мәселеге байланысты біз Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық ұйымының сарапшыларымен екі кездесу өткіздік. Оның барысында біз еуропалық сарaпшылар Қазақстан заңдарының нормалары мен еліміздің басты заңының талаптарын ескермеген деген ұйғарымға келдік. Осыған байланысты біз еуропалықтардың қорытындыларын қайта қарадық» дейді сарапшы. Ал Халықаралық «Руханият» университетінің ректоры Мұрат Мыңбаевтың келтірген мәліметтеріне қарағанда, елімізде талқыланып жатқан дін мәселелерін реттейтін жаңа заң жобасы Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің заңдарымен салыстырғанда, әлдеқайда либералды. Сондай-ақ ондағы адам құқықтарын сақтау мен өзге де демократиялық ұстанымдарға байланысты мәселелер сол еуропалық елдердің көбісінің осы бағыттағы заңдарынан көш ілгері тұр. «Біздің заң елдегі діни конфессиялар мен ағымдардың сенім бостандықтарына ешқашан да кедергі келтірген емес. Біз зайырлы мемлекет ретінде әрбір діни ұйымның жұмысын Конституцияға сәйкес реттеуіміз қажет. Яғни өзге дін өкілдері Қазақстан азаматтарының құқықтарын бұзбаулары керек. Депутатардың бастамасымен дайындалған құжат осындай ниеттен туып отыр. Бұл заң жобасы халықаралық талаптарға толық жауап бере алады. Біз Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық ұйымының талаптары негізінде жергілікті діни ұйымдардың адам санын 10 мыңнан 5 мыңға дейін, одан соң 50 адамға дейін кеміттік. Ал Еуропаның Австрия, Германия, Франция сияқты дамыған елдерінде шіркеу мәртебесіне ие болу үшін 10 мың немесе 16 мың, кей жағдайда тіпті 30 мың адам болуы қажет. Осы тұрғыдан алғанда, біз қабылдағалы отырған заңды толық демократиялы деуге болады. Ал көпшілік тарапынан аталмыш құжат азаматтардың құқықтарын, діни сенім бостандығын шектейді, ол белгілі бір діннің мүддесін қорғауға бағытталған деген сын-ескертпелерді естігенде қайран қаласың. Әлемдегі өркениетті деген мемлекеттердің өзінде бұл мәселе өте қатаң бақыланады», деді М.Мыңбаев. Заң ғылымының докторы Марат Бәшімовтың сөзіне қарағанда, әрбірден кейін біреуге өзінің көзқарасын тықпалау немесе мәжбүрлі түрде белгілі бір әдебиетті сатып алуға итермелеу сияқты әрекеттердің өзі адам құқын бұзу болып есептеледі. «Ал мұндай жағдаймен қазір еліміздің кез-кеген жерінде кездесесіз. Бұл мәселелер әрине заңмен реттелуі тиіс. Осы тұрғыдан алғанда, біздің талқылап отырған құжатымыз - заман талабы. Ал оны халықаралық стандарттарға сәйкес келмейді немесе сенім бостандығына шектеу қояды деу ақылға сыймайды. Қазақстан қашанда дінаралық, конфессияаралық татулықтың үлгісі болып келеді және мемлекетімізде ол үшін барлық шарттар қарастырылған. Біз тіпті діни мерекелерді демалыс күні ретінде де жарияладық. Қорыта айтқанда, Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық ұйымының қойған талаптары негізсіз. Жалпы құжатты заң тұрғысынан талқылағанда бәрі түсінікті болып шығады. Сондықтан ондағы баптардың мән-мағынасына терең үңілмей жатып, қорытынды жасау дұрыс емес» дейді ол. Оның айтуынша, Қазақстан ЕҚЫҰ-ның толыққанды мүшесі болуы себепті дін мәселесіне қатысты заң жобасын халықаралық стандарттарға сәйкестігін саралау үшін аталмыш ұйымның қарауына өткен жылдың мамыр айында берген. Одан кейінгі болған екі кездесудің біріншісінде-ақ еуропалықтардың еліміздің заңнамаларын толық ескермегендігі айқын болған. Ал қазақстандық сарапшылар еуропалықтар енгізген бірқатар ұсыныстарды заң жобасының Парламентте қаралуы барысында ескеріп, енгізген де. Осылайша еліміздің заң саласының мамандары халықаралық ұйым өкілдерінің «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне діни сенім бостандығы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасына қатысты өздерінің ұсыныс пікірлерін, ұстанымдарын білдірді. Яғни заң жобасында азаматтардың да, дін өкілдерінің де ешқандай құқықтарын бұзатын нормалар жоқ. Құжат толықтай халықаралық талаптарға сай. Заң жобасының күшіне енуі оған жан-жақты баға беретін Конституциялық кеңестің құзырында. Егер құжат бұл сыннан аман өтсе, бұл еліміздегі дін мәселелерін реттеу мақсатындағы маңызды қадам болмақ. Осы орайда айта кететін мәселе, дін саласындағы қатынастарды реттейтін заңның қабылданғанына бақандай он төрт жылға жуықтапты. Ал осы уақыт аралығында әлемде қанша өзгерістер болып, мемлекетіміз түрлі реформаларды бастан өткерді. Бүгінгі заман қоғам алдына өзінің талаптарын қойып отыр. Мұны жақсы түсінген көптеген мемлекеттер дін мәселесін реттеу шараларын жаңаша бағытқа бұрып үлгерді де. Яғни, көптеген мемлекеттер осы саланы реттейтін заңдарға заман талабына сай өзгерістер, толықтырулар енгізді немесе жаңа заң қабылдады. Бұл үдеріс ТМД елдерінде түгелдей жүзеге асты десе болады. Ол тіпті елдегі саяси жағдайы мың құбылып отырған Қырғыз елінде де жүзеге асты. Сондықтан, бірлігі мен берекесі жарасқан, бақуатты ел ретінде танылған, демократиялық қоғам құруға нық сеніммен қадам басқан Қазақстанға бүгінгі даму сатысында елді ішінен іріткісі келетін кейбір сыртқы күштердің қоқан-лоқысына бола, алған бетінен қайта алмайды. Өйткені бүгінгі Қазақстан халқы өзіне сырттан таңылып жатқан «ереже-талаптардың» қайсы дұрыс, қайсысы бұрыс екенін айыра алатын жағдайда.

 

ҚАЗАҚПАРАТ,15.01.2009, ГААГАДА ҚР ЕЛШІСІ М.МЫРЗАМӘДИЕВАНЫҢ НИДЕРЛАНДЫ ЭКОНОМИКА МИНИСТРІМЕН КЕЗДЕСУІ БОЛДЫ

Қаңтардың 14-інде Гаагада Қазақстан Республикасының Елшісі Майнұр Мырзамәдиеваның Нидерланды экономика министрі Мария ван дер Хоевенмен кездесуі болды. Онда екі елдің сауда-экономикалық және инвестиция салаларындағы ынтымақтастығының ағымдағы жай-күйі мен перспективасы талқыланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. Кездесу барысында Қазақстанға голландиялық тәжірибені және ауыл шаруашылығы, жоғары технологиялар, энергетика, көлік, техникалық реттеу салаларындағы әлеуетін тартудағы өзара сипаты аталды. Министр Мария ван дер Хоевен «Еуропаға жол» арнайы мемлекеттік бағдарламасын іске асыру және Қазақстанның 2010 жылы ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуі мәселелеріне қатысты Еуроодақ және ЕҚЫҰ аясында біздің елдің бастамасына көмек көрсетуге даярлықтарын білдіріп, Қазақстанның стратегиялық әріптестіктің жаңа деңгейіне ұмтылысын жоғары бағалады. Жаһандық дағдарыстың келеңсіз салдарларын жұмсарту мақсатында ҚР Үкіметінің 2009-2010 жылдарға арналған экономика және қаржы жүйелерін тұрақтандыру бойынша бірлескен іс-қимыл жоспарымен танысқан министр Мария ван дер Хоевен оған жоғары баға берді. Ол мемлекеттің энергетика саласында барынша тығыз байланыстар орнатуға ниет танытқан елдердің (Ресей, Қазақстан, Сауд Арабстаны және Алжир) Нидерланды үшін басым төрттігіне Қазақстанның енетінін атап өтті. Кездесу барысында «Мұнай және Газ» (KIOGE-2009) көрмесіне және конференциясына қатысу аясында Нидерланды экономика министрі Мария ван дер Хоевеннің басшылығымен голландиялық делегацияның сапарын ағымдағы жылдың күзінде ұйымдастыру туралы уағдаластыққа қол жеткізді.

 

ҚАЗАҚПАРАТ, 18.12.2008, АШҒАБАДТА ҚР ЕЛШІЛІГІ ҚАЗАҚСТАННЫҢ ТӘУЕЛСІЗДІК КҮНІНЕ ОРАЙ ҚАБЫЛДАУ ӨТКІЗДІ

Кеше Ашғабадта Қазақстан Республикасының Елшілігі еліміздің Тәуелсіздік күніне орай қабылдау өткізді. Оған Түрікменстан мемлекеттік органдарының, дипломатиялық корпустардың, қоғамдық ұйымдар мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері, қазақ диаспорасы қатысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. Қонақтар алдында Қазақстан Республикасының Елшісі Асхат Оразбай сөз сөйлеп, тәуелсіздік алған жылдар ішіндегі еліміздің қол жеткізген жетістіктері туралы әңгімелеп берді. Елші Қазақстанның ішкі және сыртқы саясатындағы негізгі сәттерді, сонымен қатар, кең көлемді экономикалық және саяси қайта құруларға және әлеуметтік саланы жақсартуға бағытталған біздің еліміз басшыларының қабылдаған іс-қимылдарының нәтижелерін егжей-тегжейлі баяндады.

А.Оразбай өз сөзінде Қазақстанның «Еуропаға жол» арнайы мемлекеттік бағдарламасының негізгі қағидаттарына тоқталды. Қазақстанның халықаралық аренадағы қол жеткен жетістіктеріне берілген жоғары баға ? Қазақстанның 2010 жылы ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуі туралы шешім екенін атады. Түрікменстан басшыларының атынан сөз сөйлеген Министрлер кабинеті төрағасының орынбасары ? Сыртқы істер министрі Рашид Мередов Түрікменстан Президентінің Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаевқа және Қазақстан халқына игілік пен гүлдену тілеген құттықтауын табыстады. Р.Мередов Түрікменстанның халықаралық аренадағы барлық бастамаларын Қазақстанның қолдағанын айтты.

 Жоғары мәртебелі қонақ екі ел арасындағы ынтымақтастықтың негізгі бағыттарын атады және Қазақстан Түрікменстанның әрқашан сенімді досы болып қалатынына сенім білдірді. Іс-шара аясында Түрікменстан филармониясының әртістері қазақ халқының әндерін орындады, Қазақстанның қазіргі әлеуметтік-экономикалық жетістіктері туралы деректі фильм көрсетілді, сондай-ақ біздің елімізге арналған фотокөрме ұйымдастырылды.

 

ҚАЗАҚПАРАТ, 19.12.2008, МАДРИДТЕ «ЕУРОПАҒА ЖОЛ» МЕМЛЕКЕТТІК БАҒДАРЛАМАСЫ: ЫҒЫТТАР МЕН МІНДЕТТЕР» ТАҚЫРЫБЫНДА КОНФЕРЕНЦИЯ ҰЙЫМДАСТЫРЫЛДЫ

Қазақстанның Испаниядағы Елшілігі «Альтернатива» қоры мен Испанияның Сыртқы саясат обсерваториясының қолдауымен Мадридте «Еуропаға жол» мемлекеттік бағдарламасы: ығыттар мен міндеттер» тақырыбына арналған конференция ұйымдастырды. Бұл шараға Қазақстанның Сыртқы істер министрлігінің, Индустрия және сауда министрлігінің, іскерлік, академиялық және ғылыми топтардың өкілдері қатысты, деп хабарлады ҚазАқпаратқа сыртқы саясат ведомствосының баспасөз қызметінен. Қазақстан елшісі Ерғали Бөлегенов жиналған қауымға елімізде жүзеге асырылып жатқан реформалар туралы, Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың маңызды халықаралық бастамалары туралы, Қазақстанның 2010 жылы Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық ұйымына төраға болып сайлануына көмектескен экономикалық және саяси факторлар туралы әңгімелеп берді. Елші жұртшылықтың назарын Қазақстанның өзіндегі ядролық полигонды жабуы және әлемдегі қоры жағынан төртінші ядролық арсеналдан өз еркімен бас тартуы жөніндегі тарихи шешіміне, Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесі мен Әлемдік және дәстүрлі діндер басшыларының съездерін шақыру бастамаларына аударды. Конференция барысында қазақстандық дипломат сондай-ақ, экономикалық, саяси және мәдени салаларда еуропалық елдермен ынтымақтастықты кеңейтуге бағытталған «Еуропаға жол» мемлекеттік бағдарламасын таныстырды. Оның негізгі тараулары, мақсат-міндеттері туралы әңгімелеп берді. Испандық сарапшылар бұл құжатқа оң бағаларын бере отырып, 2010 жылы Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалығы мен Испанияның Еуроодаққа төрағалығын ескере отырып, Испанияның Қазақстанмен екіжақты және көпжақты форматта ынтымақтастықты әрі қарай дамытуға мүдделі екенін жеткізді.

 

ҚАЗАҚПАРАТ, 19.12.2008, ЖЕНЕВАДА ҚАЗАҚСТАННЫҢ ТӘУЕЛСІЗДІК КҮНІНЕ АРНАЛҒАН ҚАБЫЛДАУ ӨТТІ

Женевада Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күні құрметіне БҰҰ-ның Еуропалық бөлімінің жанында тіркелген халықаралық ұйымдар мен басқа да арнаулы мекемелердің өкілдеріне арнап ресми қабылдау өткізілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат сыртқы саясат ведомствосына сілтеме жасап. Құрметті қонақтардың қатарында БҰҰ-ның Женевадағы Еуропалық бөлімінің бас директоры Сергей Орджоникидзе, Женевада тіркелген халықаралық ұйымдардың басшылары, шет мемлекеттердің елшілері, іскер топтар мен қалалық әкімшіліктің, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері болды. БҰҰ-ның Женевадағы Еуропалық бөлімінің жанындағы Қазақстанның Тұрақты өкілдігінің дипломаттары республиканың тәуелсіздік жылдары қол жеткізген жетістіктері туралы, сондай-ақ бүгінгі табыстары мен еліміздің сыртқы саяси қызметінің перспективалық бағыттары туралы әңгімелеп берді. С.Орджоникидзенің айтуынша, Қазақстан бүгінде қарқынды дамушы және саяси орнықты мемлекет, бұған ол біздің елімізге жасаған сапарлары барысында көзін жеткізген. БҰҰ-ның Женевадағы бөлімі жанындағы Финляндияның Тұрақты өкілі Хану Химамен, біздің республикамыздың халықаралық сахнадағы өзінің ұстанымын күшейте отырып, тәуелсіздік таңында қабылданған көпвекторлық саясаттан да ауытқымай отырғанын атап көрсетті. Оған Астананың «Еуропаға жол» бағдарламасының көмегімен еуропалық елдермен ынтымақтастықты тереңдетуге деген ниеті айғақ. Салтанатты іс-шара аясында жақында Еуропада ашылған және қазақстандық таңдаулы балық уылдырығынқ сатумен айналысатын «Kazakh Kaviar» дүкенінің таныстырылымы өтті.

 

ҚАЗАҚПАРАТ, 16.01.2009,  ҚР ЕЛШІСІ МАЖАРСТАН ПРЕЗИДЕНТІМЕН КЕЗДЕСТІ

Будапештте Мажарстан Республикасының Президенті Ласло Шойом осы елде тіркелген дипломатиялық миссия басшыларын ресми қабылдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат осы елдегі ҚР Елшілігіне сілтеме жасап. Осы қабылдау ауқымында ҚР. Елшісі Р.Ыбыраев Президент Л.Шойоммен кездесті. Әңгіме барысында қазақстандық дипломат Президентті Қазақстандағы әлеуметтік-экономикалық жағдаймен таныстырды, ел басшылығының әлемдік қаржы дағдарысының салдарын еңсеру жөніндегі қолға алып жатқан шаралары, Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалығына орай еліміздің халықаралық бастамалары, соның ішінде Еуроодақ елдерімен, атап айтқанда, Мажарстанмен бұрынғыдан да тығыз байланыс орнату, «Еуропалық жол» бағдарламасын жүзеге асыру мәселелеріне назар аударды. Сондай-ақ Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жақында Мажарстанда болған сапары кезінде екі президент арасында қол жеткізілген уағдаластықтардың жүзеге асырылуы барысына тоқталды. Л.Шойом Президент Н.Назарбаевпен соңғы кездесуін жылы шыраймен еске алып, қазақстан-мажар қатынастарының қарқынды дамып отырғанын атап өтті. Ол ҚР сыртқы саясатының еуропалық секторының дамуына қанағаттанғандығын білдірді. Өз тарапынан қызығушылық тудырған «Еуропалық жол» қазақстандық бағдарламасын жүзеге асыруға Мажарстанның көмегін ұсынды. Әңгіме соңында Л.Шойом Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа және Қазақстан халқына өзінің шынайы тілектерін жеткізді.

 

ҚАЗАҚПАРАТ, 17.01.2009, ВЕНА: ЕУРОПАДАҒЫ ҚАУІПСІЗДІК ПЕН ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ ЖӨНІНДЕГІ ҰЙЫМНЫҢ ТҰРАҚТЫ КЕҢЕСІНІҢ ҮСТІМІЗДЕГІ ЖЫЛҒЫ АЛҒАШҚЫ ОТЫРЫСЫ БОЛЫП ӨТТІ

Венада Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық жөніндегі ұйымның Тұрақты кеңесінің үстіміздегі жылдың алғашқы отырысы болып өтті. Тұрақты кеңес - ЕҚЫҰ-ға қатысушы 56 мемлекеттің өкілдері осы шеңберде апта сайын саяси сұхбат пен шешімдер қабылдау үшін жиналатын орган болып табылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат Қазақстан Республикасының Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық жөніндегі ұйым жанындағы Тұрақты өкілдігіне сілтеме жасап. Бейсенбі күні өткен отырыс ЕҚЫҰ-ның Қазіргі төрағасының қызметіне кіріскен, Грекияның Сыртқы істер министрі Дора Бакояннидің сөйлеген сөзімен ерекшеленді. Министр өз елінің Ұйымға төрағалық ететін кезеңдегі басымдықтармен таныстырды. Қазіргі заманғы жағдайда ЕҚЫҰ Еуро-атлантикалық және еуразиялық өңірлерді қамтитын, жалпы құндылықтарға, келісілген міндеттемелер мен жеке бастың іргелі қадір-қасиетіне негізделген, қауіпсіздіктің бірегей, биік мақсатты тұжырымдамасына ие болып отырған бірден бір аймақтық форум екені атап көрсетілді. Өзінің қазіргі жағдайында ЕҚЫҰ Еуропадағы өзгеріп отыратын геосаяси сын-талаптарға сәйкес әрекет етуге қабілетті. Д.Бакоянни 2008 жылғы тамыздағы кавказ дағдарысын «бір мезгілде қатер әрі мүмкіндік» деп атады. «Бұл дағдарыс бізді жайбарақат жай-күйімізден серпілтті және жұмысымыздың әлі аяқталмағанын еске салды. Сондықтан ол бізге тағы бір рет өзіміз жасаған тетіктерге көз салуымызға, өзімізді келісілген міндеттемелерімізді толық орындауға арнауға, сондай-ақ бөлінбейтін қауіпсіздікті құру жолында жаңа жолдарды қарастыруға мүмкіндік береді», - деп атап өтті төраға. Министр «тұйыққа тірелген» жанжалдарды бейбіт шешуді және ЕҚЫҰ-ның құқықтық мәртебесін жетілдіруді қоса алғанда, төрағалықтың алдағы жылғы басымдықтарын белгілеп шықты. Бұл ретте грек төрағалығы 2009 жылы басшылыққа алатын, өзара үндесетін «Үш S» деп аталатын үш өзекті идеяны бөліп қарайды ? «Синергия, Стратегия және Симметрия». Бұл өз кезегінде: - кооперативті, бөлінбейтін және жан-жақты қамтитын қауіпсіздікті алға жылжыту үшін барлық қатысушы мемлекеттердің арасындағы синергияны, яғни бірдей іс-қимыл жасауды іздестіруді; - ЕҚЫҰ кеңістігінде тұрақтылықты, қауіпсіздікті және ынтымақтастықты қамтамасыз ету жөніндегі тиімдірек ортақ жолдарды табу стратегиясын жасауды; - «ассиметриялық қауіптермен» және ескі қатерлермен жұмыс барысында күш-жігерлердің симметриясын, яғни бірдей орналасуын қамтамасыз етуді білдіреді. ЕҚЫҰ қызметіндегі әскери-саяси өлшемдегі басымдықтарға ЕҚЫҰ-ның терроризмге қарсы күрестегі, шекара қауіпсіздігіндегі және полиция қызметіндегі, бұған Ұйымның әріптес елі Ауғанстанмен ынтымақтастықты қоса алғанда, міндеттемелерін іске асыру кіреді. Экономикалық-экологиялық өлшемде төрағалық көші-қон қатерлеріне, сондай-ақ экологиялық қатерлердің аспектілерін шешуге көңіл аударады. Басты назарда сондай-ақ «ЕҚЫҰ-ны жасылдандыру», яғни Ұйым шеңберінде экологиялық орнықтылықты ілгерілету тұратын болады. Қауіпсіздіктің адами өлшеміндегі басымдықтарына өңірдегі заңның үстемдігін нығайту, гендерлік теңдік, төзімділік пен кемсітпеушілікті нығайту жатады. Д.Бакоянни сонымен бірге аймақтағы тұрақтылық пен қауіпсіздік үшін әлемдік дағдарыстың теріс салдарын азайтуға ЕҚЫҰ-ның қатысуы тиіс екендігін атап көрсетті. Грек төрағалығының басымдықтарына қолдауын білдірумен Қазақстан Республикасының ЕҚЫҰ жанындағы Тұрақты өкілі Қайрат Әбдірахманов сөз сөйледі. Грекияның «тұйыққа тірелген» жанжалдардың шешімін табу жөніндегі күш-жігерлері мен ЕҚЫҰ-ның барша кеңістігіндегі сенім шараларын нығайтуға бағытталған басқа да бастамаларын Қазақстанның қолдайтыны атап көрсетілді. Ұйым Үштігінің мүшесі болған Қазақстан грек төрағалығына қауіпсіздіктің барлық үш өлшеміндегі басымдықтарын іске асыруға жәрдемдесуде бүкіл күш-жігерін жұмылдырады. Осының алдында тәжірибелі қазақстандық дипломат, Елші Вячеслав Ғиззатов ЕҚЫҰ-ның Қазіргі төрағасының мұсылмандарға қатысты төзімсіздік пен кемсітушілікке қарсы күрес жөніндегі Жеке өкілі болып тағайындалды. Жеке өкіл ЕҚЫҰ-ға қатысушы елдер мен оның институттарының кемсітушілікке қарсы күрес саласындағы және төзімділікті нығайтудағы міндеттемелерін орындауы жөніндегі күш-жігерлерін үйлестіруге жәрдемдесетін болады.

 

ҚАЗАҚПАРАТ, 19.01.2009, ҚАЗАҚСТАН ЕЛШІСІ Р.ЫБРАЕВ БУДАПЕШТЕ МАЖАРСТАН ПРЕЗИДЕНТІНІҢ АТЫНАН БЕРІЛГЕН ҚАБЫЛДАУҒА ҚАТЫСТЫ

Қаңтардың 16-сында Будапеште елде тіркелген дипломатиялық миссиялардың басшыларына арнап Мажар Республикасының Президенті Ласло Шойомның атынан ресми қабылдау шарасы өткізілді. Осы шараға Қазақстан Республикасының Елшісі Рашид Ыбраев та қатысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат сыртқы саясат ведомствосының баспасөз қызметіне сілтеме жасап. Маңызды іс-шараны ашқан Президент Ласло Шойом, өткен жылы ел өмірінде орын алған атаулы оқиғалар мен 2009 жылы алға қойылып отырған міндеттер туралы әңгімелеп берді. Қабылдау аясында Елші Р.Ыбраевтың Президент Л.Шойоммен екіжақты кездесуі өтіп, оның барысында қазақстандық дипломат Қазақстандағы әлеуметтік-экономикалық ахуал туралы, әлемдік қаржы дағдарысының салдарын жеңу бағытында ел басшылығы қабылдап жатқан шаралар туралы, Қазақстанның халықаралық бастамалары, оның ішінде республиканың 2010 жылы Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалық етуі мен соның қарсаңында қабылданып отырған «Еуропаға жол» мемлекеттік бағдарламасы туралы әңгімелеп берді. Елші сондай-ақ Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жақында Мажарстанға жасаған сапары барысында екі ел президенттерінің арасында қол жеткізілген келісімдердің жүзеге асырылу барысымен таныстырды. Будапеште Қазақстан Президентімен болған кездесуді жылы лебізбен еске алған Л.Шойом мырза, қазақстан-мажар қатынасының бірізді дамып отырғанын атап көрсетті. Осының алдында Қазақстан Елшісі Будапешт мэрі Габор Дэмскимен де кездескен болатын.

 

ҚАЗАҚПАРАТ, 19.01.2009, ЕҚЫҰ-НЫҢ ҚАЗІРГІ ТӨРАҒАСЫ Д. БАКОЯННИС ҚР ӨКІЛІ - ЕЛШІ В. ГИЗЗАТОВТЫ МҰСЫЛМАНДАРҒА ҚАТЫСТЫ ТӨЗІМСІЗДІК ЖӘНЕ КЕМСІТУШІЛІКПЕН КҮРЕС МӘСЕЛЕРІ ЖӨНІНДЕГІ ӨЗІНІҢ ЖЕКЕ ӨКІЛІ РЕТІНДЕ ТАҒАЙЫНДАДЫ

ЕҚЫҰ-ның қазіргі төрағасы, Грекияның Сыртқы істер министрі Дора Бакояннис Қазақстан Республикасының өкілі - Елші Вячеслав Гиззатовты мұсылмандарға қатысты төзімсіздік және кемсітушілікпен күрес мәселері жөніндегі өзінің жеке өкілі ретінде тағайындады. Бұл туралы бүгін Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Ержан Ашықбаев апталық брифингте мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Е. Ашықбаевтың айтуынша, бүгінгі күні ЕҚЫҰ?да мұсылмандарға қатысты төзімсіздік және кемсітушілікпен күрес мәселері жөніндегі жеке өкілмен қатар, антисемитизммен күрес мәселелеріне және нәсілшілдік, ксенофобия мен христиан және басқа діндерге қатысты төзімсіздік пен кемсітушілікке қарсы ЕҚЫҰ төрағасының тағы да екі жеке өкілі жұмыс атқаруда. Ал өзіне берілген мандат бойынша ЕҚЫҰ төрағасының Жеке өкілінің бірқатар мақсат-міндеттері болады. Атап айтқанда, Жеке өкіл ЕҚЫҰ Сыртқы істер министрлері кеңесі мен Тұрақты кеңес шешімдерін тиімді орындауға бағытталған қатысушы мемлекеттердің күш-жігерін үйлестіру, сондай-ақ, Ұйым кеңістігінде мұсылмандарға қатысты төзімсіздік, кемсітушілікпен күреске байланысты өзара іс-қимылды дамыту шараларымен айналысады.

 Сонымен бірге, Жеке өкіл өзара жұмысты нығайту үшін Демократиялық институттар және адам құқықтары жөніндегі бюросымен ЕҚЫҰ-ның басқа институттарымен, халықаралық ұйымдар мен үкіметтік емес ұйымдармен бірлесе әрекет етеді. «Қазақстан Республикасы Өкілінің бұл лауазымға тағайындалуы еліміздің ЕҚЫҰ-дағы ұстанымның нығайуының және ұйымға қатысушы мемлекеттер арасында беделінің артуының дәлелі. ЕҚЫҰ-ға төрағалық ету қарсаңында Қазақстан үшін ЕҚЫҰ төрағасының мұсылмандарға қатысты төзімсіздікпен күрес жөніндегі жеке өкілі секілді лауазым маңызды болып табылады», деді Е. Ашықбаев.

ҚАЗАҚПАРАТ - 20.01.2009, ҚАҢТАРДЫҢ 20-СЫ - ҚАЗАҚСТАН ХАЛҚЫНЫҢ ЕЛБАСЫНЫ АЛҒАШ ҰЛЫҚТАҒАН КҮНІ

Бүгінгі күн есте қаларлық атаулы күндердің бірі. Бұлай дейтініміз, осыдан тұп-тура он жыл бұрын, 1999 жылғы қаңтардың 20-сындаі біз қазақ халқының тарихында алғаш рет Мемлекет басшысын ұлықтап, алғаш рет осы рәсімнің қатысушысы, куәсі болдық. Бірақ бұл күннің мәні мен маңызы мемлекет басшысын ұлықтаудың халықаралық тәжірибедегі рәсімін алғаш қолданғанымызда жатқан жоқ. Бұл күн Қазақстанның тәуелсіз мемлекет болып қалыптасуына ерекше еңбегі сіңген Нұрсұлтан Назарбаевтың Президент сайлауында 79,78 пайыз дауыспен жеңіске жетіп, ел басқару ісін қайта қолына алуымен ерекшеленеді. Бұл күн сөз жоқ Қазақстан халқының демократия жолындағы жарқын болашаққа жасаған жаңа әрі маңызды қадамы деуге тұрарлық. Өйткені бұл күні халқымыз тек өзінің Президентін ғана емес, мемлекеттің өмірлік даму жолын да таңдады. Қазақстанның бүгінгі қол жеткізген жетістіктері мен осыған дейінгі елде жүргізілген реформалар соны меңзейді. Қазақстан тәуелсіздігін алып, дербес мемлекет атанғаннан кейінгі жылдар көптеген қиындықтарға толы болды. Соған қарамастан, осы 10-15 жылдың ішінде діттеген мақсатымызға жетіп, мемлекетіміз берекесі мен бірлігі жарасқан елге айналды. Қазақстан тәуелсіздік жылдарындағы аз ғана уақыттың ішінде адамзат дамуына зор ықпалын тигізетін игі бастамалардың негізін қалағандығын ешкім де жоққа шығара қоймас. Ал оның Еуропадағы қауіпсіздік пен ықтымақтастық ұйымына төрағалық ету ниеті және оған әлемнің көптеген мемлекеттерінің қолдау білдіруі республикамыздың әлем елдері арасындағы беделінің көрінісі болса керек. Оның үстіне демократиялық құндылықтарды басты мақсат етіп отырған халықаралық ұйымға басшылық ету еліміздегі демократияның қаншалықты өркендеп отырғандығын көрсетеді. Басқаша айтсақ, кеше ғана ешкімге беймәлім жас мемлекет бүгінде Орталық Азиядағы ықпалды елдердің біріне айналып отыр. Бұл игі істердің барлығы да Елбасының сенімді басшылығы мен болашақты болжай білетін көреген саясаткерлігінің арқасы десек, артық айтқандық емес. Сондықтан да болар, тәуелсіздік жылдарында Президенттің атқарған істері мен оның ел басқару ісіндегі ерекше қасиеттері туралы тамсана сөйлегендер аз болған жоқ. Солардың бірі депутат Анатолий Башмаков былай дейді: «Мен Мемлекет басшысының қасиеттеріне жеке тұлға ретінде де, саяси көшбасшы ретінде де таң қаламын. Ол тәуелсіздік жылдарында өзінің ерекше дарын иесі екендігін көрсетті. Ол жай ғана инттеллект иесі ғана емес, айналада болып жатқан оқиғалардың өзгелерге беймәлім жақтарын көре алатын, адамның жан-дүниесіне үңіле білетін, бізді қоршаған дүниенің барлығының мән-мағынасын ұғынатын ерекше ақыл-ой иесі. Осы қасиеттері үшін мен Елбасын үлкен саясаттың гроссмейстері дер едім. Өйткені ол қашанда бір қадамға болсын алда жүреді. Ұлықтау рәсімінен кейінгі он жыл ішінде біз Президентіміздің ең беделді, ең көреген саясаткерлердің қатарына қоятын болдық. Осы тұрғыдан алғанда оны халықаралық деңгейдегі саясаттың гроссмейстері деуге болады. Өйткені оның болжамдарының көпшілігі өмір шындығымен жанасып, бастамалары ылғи да өзгелер тарапынан қолдау тауып жатады». Жалпы, Қазақстанның мемлекет болып қалыптасуындағы алғашқы жылдары елде атқарылып жатқан істерді сынап, Мемлекет басшысының саясаты мен мемлекет болып қалыптасатындығымызға күмәнмен қараушылар аз болған жоқ. Бұған қатысты сыни көзқарастар тіпті осы күнге дейін де жалғасып келгені рас. Алайда «қолда бар алтынның, қашанда қадірі жоқ». Күнаһар адамның тек басына күн туған уақытта ғана құдайы есіне түсіп, оған жалбарына бастайтыны сияқты, біз де әлемдік қаржы дағдарысы сияқты тажалдың әрбір азаматтың жеке өміріне әсер ете бастаған уақытында ғана бүгінгі жетістігіміздің мән-мағынасын түсіне бастағандаймыз. Алайда дағдарыс келді екен деп, сары уайымға салынып отырған қазақ жоқ. Өйткені оның Нұрсұлтан Назарбаев сынды мықты лидері бар. Көреген басшының арқасында халқымыз тәуелсіздік жылдарында бүгінгідей талай дағдарысты еңсерді. Ең бастысы, соның бәріне аман өтті. Елбасы атап көрсеткендей, бұл қиындықтардың да жақын күндерде артта қалатындығына, бұл жағдайдан кейін де халқымыздың әл-ауқаты артып, экономикамыз өрістейтініне, мемлекетіміздің кемелдене түсетініне ел сенеді. Өйткені күн ілгері қимылдап, алдына ала жасалған қам-қарекеттің арқасында экономикамыз аяғынан нық тұр, жоспарланған әлеуметтік жобалар еш кедергісіз сәтімен жүзеге асып жатыр.

 

ҚАЗАҚПАРАТ, 20.01.2009, БИОМЕТРИЯЛЫҚ ТӨЛҚҰЖАТ - ЗАМАН ТАЛАБЫ Б. ӘБІШЕВ

ГҮЛМИРА ӘЛИАКПАРОВА

Әлемнің алдыңғы қатарлы елдері қолданысқа енгізе бастаған биометриялық мәліметтері бар төлқұжат біртіндеп заман талабына айналып келеді. Замана көшінен қалмас үшін біздің ел де азаматтарымызға қаңтардың 5-інен бастап осындай құжат беруге кірісті. Осы төлқұжаттың жаңалығы мен артықшылықтары туралы ҚР Әділет министрлігі Тіркеу қызметі және құқықтық көмек көрсету комитетінің төраға міндетін атқарушы Бақыт Әбішев әңгімелейді. - Бақыт Шалқарұлы! Алдымен, электронды ақпарат жеткізгіштері бар төлқұжаттарға жалпы сипаттама беріп өтсеңіз? - Электрондық төлқұжаттарды енгізу жобасы 2006 жылы Үкіметтің «электрондық үкімет» мемлекеттік бағдарламасын қалыптастыру мақсатында қабылданған шешіміне сәйкес әзірлене бастады. Электрондық төлқұжаттар Халықаралық азаматтық авиация ұйымының (ИКАО) рұқсатымен және соның стандарттарына сәйкес әзірленетіндіктен, аталмыш төлқұжаттарды шығаруға ниет білдірген мемлекет, алдымен, ұйымның Ашық кілттер директориясына мүшелікке өтуі тиіс. Сондықтан біз алдымен, ИКАО-ның барлық талаптарын сақтай отырып, Францияның «Sagem Securite» компаниясының көмегімен электронды паспорттардың тестілік үлгісін жасап шығардық. Одан кейін паспорттар 2008 жылғы қыркүйектің 7-12 күндері Прагада өткен ИКАО-ның халықаралық конференциясының барысында зертханаларында сынақтан өтті. Яғни, шығарған электрондық құжаттарымызды электрондық оқу құралдары ? ридерлердің оқитын-оқымайтыны тексерілді. Осы жылдың желтоқсан айында 2700 дана көлемінде алғашқы электрондық паспорт шығарып, халыққа бердік. Қазақстан осыдан кейін, яғни өткен жылғы желтоқсан айының соңында ИКАО-ның Ашық кілттер директориясының толық мүшесі атанды. Соған орай, үстіміздегі қаңтардың 5-інен бастап биотөлқұжаттарды жаппай шығаруға кірістік. Оның ескі төлқұжаттан ерекшелігі мен артықшылығына тоқталсақ. Биометриялық құжаттың алғашқы бетіне енгізілген, яғни азаматтың аты-жөні, туылған күні мен туған жері, азаматтығы, паспорт нөмірі, құжаттың берілген уақыты мен жарамдық мерзімі, құжат иесінің жеке идентификациялық нөмірі, сандық фотосуреті мен қолы паспорттың соңғы бетіне көзге көрінбейтіндей етіп тігілген чипке орналастырылады. Сонымен қатар ИКАО-ның стандартына сәйкес, чипке биометриялық айқындағыштар - азаматтың сандық (электрондық) суреті, бас бармақ пен сұқ саусақтың із-таңбасы мен көздің тор қабықшасының кескіндемесі енгізілуі мүмкін. Биометриялық айқындағыштар сол елдің заңнамасына сәйкес енгізіледі. Қазақстанда биометрия туралы заңның жоқ болуына байланысты жаңа төлқұжатта электрондық сурет қана енгізілді. Бірақ, келешекте саусақтың із-таңбасы орналастырылатындай бос орын қалдырылды. Мұндай шаралар төлқұжат тексерісін әлдеқайда жаңа сапалы деңгейге көтереді деп сеніммен айтуға болады. Дегенмен, технологияның қазіргі даму үрдісінде электрондық ақпараттарды қолдан жасап алу да еш қиындық туғызбайды. Сондықтан, электрондық чипке, интернет жүйесінде кеңінен қолданылатын - сандық қолтаңба, яғни құжатты берген тұлғаның сандық қолтаңбасы енгізілді. Оның үстіне, құжат тасымалдау барысында жоғалған жағдайда оны арнайы кодсыз оқу мүмкін болмайды. Биометриялық паспорттар құжаттарды қолдан жасаушылардан толығымен қорғалған. Яғни, қылмыскер құжаттың оқылатын алғашқы бетіндегі суретті өзгерткенімен, құжаттың соңғы бетіндегі чипті оқитын электрондық оқу құралдары, яғни ридерлер суреттердің сәйкессіздігін бірден анықтайды. Екіншіден, биометриялық төлқұжаттары бар қазақстандықтар үшін шет елдердің шекаралық өткізу бекеттерінен өту рәсімі жеңілдейтін болады. Сонымен қатар, электрондық құжаттар қысқа уақыт ішінде іздеуде жүрген адамдардың тізімімен салыстыруға мүмкіндік береді. - Азаматтар ескі төлқұжаттарын жаңа электрондық паспорттарға ауыстыруға міндетті ме? Және мұндай «керемет» төлқұжатқа ие болу үшін қанша ақша төлеу керек? - Жоқ, міндетті емес. Жаңа төлқұжаттар қолданыстағы паспорттың заңдылығын жоймайды және олар өзге елдің шекараларын басып өту үшін мерзімі біткенге дейін жарамды болады. Олар құжатты алғаш алатындарға, ескі құжаттарының мерзімі өткендерге, сондай-ақ ескі құжаттарын жаңа нұсқаға ауыстыруға ниет білдірген азаматтарға беріледі. Оның дайындалу мерзімі 2 ай. Жедел дайындалу мерзімі ? 5-15 күн аралығында. Аталмыш төлқұжаттарға микрочип енгізілгендіктен, оның бағасы бұрынғымен салыстырғанда 420 теңгеге қымбаттады, яғни 5092 теңге тұрады. - Қолданыстағы төлқұжаттар осы уақытқа дейін шетелдердің шекаралық өткізу бекеттерінен еш қиындықсыз, еш кедергісіз өтіп келді. Бүтін дүниежүзінде биометриялық құжаттарды жаппай енгізудің қажеттігі неден туындады? - Биометриялық құжаттарды жасап шығару 2001 жылы қыркүйектің 11-інде АҚШ-та болған ірі лаңкестік оқиғадан кейін туындады. Мәлім болғанындай, бұл елге лаңкестер жалған құжаттармен кірген. Бұдан кейін Лаңкестікке қарсы коалицияға мүше елдер заңсыз көші-қоннан бастап, лаңкестерден өз елдерін қауіпсіздіндеру үшін биопаспорттардың бірегей стандартын енгізу жөніндегі келісімге қол қойды. ТМД-ға мүше елдер 2006 жылдың 28 қарашасында адам саудасына қарсы күрес бағытында Бағдарлама қабылдаған. Ол Бағдарламаның 2.14 бөлігіне сәйкес электрондық төлқұжаттар енгізу ұсынылған. Электрондық төлқұжаттардың стандартын жоғарыда атап өткенімдей, Халықаралық азаматтық авиация ұйымы - ИКАО әзірледі. Бүгінде біздің мәліметімізге сәйкес 18 ел осы стандарттарға сәйкес биопаспорттарды шығаруға кірісіп кетсе, тағы 17 ел, оның ішінде Ресей, Украина және Беларус мемлекеттері әзірлік жұмыстарын жүргізу үстінде. Қазақстан мұндай құжаттарды ТМД елдері ішінде алғашқы болып енгізді. Дамыған елдер алдағы екі-үш жылда электрондық құжаттарды қолдануға жаппай көшеді деп күтілуде. Сондықтан, Қазақстан да экономикасы тұрақтанған, бәсекеге қабілетті ел ретінде, көптеген халықаралық ұйымдар мен БҰҰ-ның толық мүшесі ретінде мұндай үдерістерге сақадай-сай дайын болуы тиіс. Өйткені, кез-келген уақытта электрондық паспорттар қандай да бір елдің аумағына кіру үшін қажетті бірден-бір шарт болуы мүмкін. Біз бұған дайынбыз ба, жоқ па, оны бізден ешкім сұрап жатпайды. Бүгінде көптеген озық елдер шекарадан өтуге қатысты жаңа талаптар қойып отыр. Мысалға, Біріккен Араб Әмірлігінің шекаралық өткізу бекеттері елге кіруші әрбір азаматтың көз жанарын арнайы сканерден өткізеді. Сол сияқты Ұлыбритания 2005 жылы елде болған лаңкестік актілерден кейін Қазақстан жұртшылығына елге келу талаптарының өзгергендігі жөнінде ақпарат таратты. Онда бұдан-былай қазақстандық азаматтар Ұлыбританиядағы Елшілікке құжаттарды өткізгеннен кейін, міндетті түрде саусақтарының із-таңбасын қосымша қалдырулары тиістігі айтылды. Ешкім қарсылық білдірген жоқ. Талаптарын орындап жатырмыз. Ал егер жақын мерзімде Ұлыбритания елге кіру тек электрондық төлқұжаттар арқылы ғана жүзеге асырылады деген талап қойса ше?! Бұл жағынан қазақстандықтар ресейліктер мен беларустарға қарағанда еш абыржымауына болады. Әлемдік қаржы дағдарысы кезінде барлық ел мұндай шығындарға бара бермейді. Қазақстан болса, «азаматтардың шетелге шығып, қайтып келуіне мемлекет кедергі жасамауы тиіс» деген конституциялық құқықтарын қамтамасыз ету мақсатында екі жылдың ішінде электрондық төлқұжаттарды енгізудің жобасын әзірлеп, онымен айналысатын мамандарды қайта оқытып, бүгінде оны тәжірибеде қолданып отыр. - Электрондық төлқұжаттарды оқитын ридерлерді бүгінде қанша ел қолданып отырғаны туралы ақпарат бар ма? Мұндай құралдары жоқ елдерде биотөлқұжаттар қалай танылмақ? - Өткен жылғы Прагадағы конференцияның барысында ИКАО-ға мүше елдердің - АҚШ-тың, Германияның, Англияның, Францияның, Сингапурдың, барлығы жеті мемлекеттің электрондық төлқұжаттарды оқитын құралдарымен таныстық. Қазақстан технологияны орнатуды 2009-2010 жылдың басына жоспарлаған болатын. Ол бағытта жұмыстар жүргізіледі. Ридерлер шетелдік өндірушілерден сатып алынады деп көзделуде. Бұл тек Әділет министрлігінің ғана емес, негізінен шекара қызметінің жұмысы. Ридерлердің көмегімен елге келушілер ғана емес, сырт елге бет алған азаматтар да тексерілетін болады. Мұндай құралдар орнатылмаған елдерде электрондық паспорттардың алғашқы беті ескі паспорттың рөлін атқара береді. Ал ридерлері бар мемлекеттер төлқұжаттың көзге оқылатын алғашқы беті мен көзге көрінбейтін чипі орнатылған соңғы бетінің сәйкестігін тексереді. - Ал енді қаңтардың 14-і күні Мәжіліс депутаты Б.Тілеухан жаңа төлқұжатта азаматтың ұлты жазылатын бағанның жоқ болуына байланысты тиісті қаулыны қайта қарауды сұрап, Үкімет басшысының атына сауал жолдады. Бұл мәселеге қатысты не айта аласыз? - Бұл мәселеге қатысты ұзақ пікір таластыруға болады. Әділет министрлігі жобаны енгізгенде ешкімнің құқығын немесе намысын аяқасты етуді көздеген жоқ. Тағы айтып өтемін, құжаттар ИКАО-ның № 9303 стандартына сәйкес жасалды. Және электрондық төлқұжаттар тек халықаралық жол жүретін құжат ретінде ғана танылады. Яғни, шекара қызметі сырттан келген қонақтың ұлтына емес, оның азаматтығына көңіл аударады. Бізде дүниежүзі елдері паспорттарының үлгісі енгізілген атлас бар. Оның 1- томына енгізілген жүз мемлекеттің тек үшеуінде ғана «ұлт» сөзі енгізілген. Қалған мемлекеттерде, атап айтқанда АҚШ, Англия, Германия, Франция, Польшада және көптеген басқа елдерде ол жазылмайды. ТМД елдерінде тек Өзбекстан және Түрікменстанда ғана ұлты төлқұжатта жазылады. Тіпті көпұлтты Ресейдің ішкі құжатында азаматтың ұлты жазылмайды. Ал Қазақстанның ішкі қарым-қатынасында пайдаланылатын жеке куәліктерде ұлт туралы баған бар. Біз ИКАО-ның стандарттарын бұзып, төлқұжаттың олармен келісілген бетінде өздігімізбен азаматтың ұлтын жазып қойдық делік. Азамат елімізден ұшып шығады-дағы, ат басын тіреген елдің шекара бекетінде оның төлқұжатын электронды оқу құралы оқымай қояды. Солай ол елге қайтып келуші еді. Өйткені, құралдар да аталмыш ұйымның стандарттарына негізделген. Қазақстан бұған дейін ИКАО-ға азаматтық авиация саласы бойынша мүше болып келді. ИКАО-ға мүше болмасақ, біздің ұшақтарымызды бірде-бір халықаралық әуежай қабылдамайтын еді. Республиканың әуекомпаниялары да ИКАО-ның стандарттары бойынша жұмыс атқарып отыр. Біз ұйым бекіткен биометриялық төлқұжаттар стандартына қатысты қандайда бір ұсыныс-пікірлерімізді білдіру үшін, алдымен оның Ашық кілттер директориясының толық мүшелігіне өтуіміз керек болды. Жоғарыда атап өттім, Қазақстан міндетті процедураларды орындады, желтоқсан айының соңында оның толық мүшесі атанды, енді қоғамда туып жатқан сауалдарға байланысты өз ұсыныстарын жеткізе алады. Әділет министрлігі ИКАО-ға үстіміздегі қаңтардың 14-і күні биотөлқұжаттарға «ұлт» бағанын қосымша енгізуді қарастыру жөнінде ресми хат жолдап, оны неғұрлым қысқа уақытта қарастыруды өтінді. Жауап 10 күннен кейін беріледі деп күтілуде. Қазақстан ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуге дайындалуда, елде «Еуропаға жол» мемлекеттік бағдарламасы қабылданды. Сондықтан, біз дамыған елдермен ықпалдасуға ынталанып, олар қабылдаған халықарлық стандарттармен санасуымыз қажет. Біз азаматтардың ұлтын, оқу құралдары - ридерлер оқымайтын, паспорттың басқа беттеріне жазып қоя аламыз. Ал электрондық төлқұжаттарды алып қойған 2700 азаматтың құжатына бұл өзгерістер тегін енгізілетін болады. Және ол міндетті талап болмайды. «Ұлт» бағаны оны қалаған азаматтарға ғана енгізіледі. - Әңгімеңізге рахмет! P.S. Кеше, қаңтардың 19-ы күні Үкімет үйінде өткен селекторлық кеңестің қорытындысы бойынша ҚР Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов Әділет министрлігіне жаңадан беріліп жатқан биометриялық төлқұжатта азаматтың ұлтын белгілеуді тапсырды. Кеңестен кейін журналистерге сұхбат берген ҚР Әділет министрі Зағипа Балиева «осы күннен бастап барлық жаңа төлқұжаттарда азаматтардың ұлты жазылатынын, ал бұған дейін берілген төлқұжаттарға азаматтың ұлты қосымша ақы төленбей енгізілетінін» атап көрсетті.

 

ҚАЗАҚПАРАТ - 21.01.2009, ҚАЗАҚСТАН ЕЛШІСІ ҚЫРҒЫЗСТАН ЖОҒАРҒЫ СОТЫНЫҢ ТӨРАЙЫМЫМЕН КЕЗДЕСТІ

ВЛАДИМИР ДОБРОВОЛЬСКИЙ

Бішкекте Қазақстанның Төтенше және Өкілетті елшісі Бақыт Оспановтың Қырғыз Республикасы Жоғарғы сотының төрайымы Жаңыл Әлиевамен кездесу өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. Елшіліктің ақпараты бойынша, кездесу барысында тараптар Қазақстан Республикасының Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалық ету перспективаларын, екі республикада да біртіндеп жүзеге асырылып жатқан сот реформаларын талқылады. Қазақстан дипломаты сондай-ақ, біздің республикамызда жүзеге асырылып отырған жергілікті басқару органдарының ролін арттыру үрдісі туралы әңгімелеп берді және сайлау заңнамасын жетілдіруге және көппартиялы парламент құруға бағытталып қабылданған Сайлау туралы заңға тоқталды.

 

ҚАЗАҚПАРАТ, 21.01.2009, "БАС РЕДАКТОРЛАР" КЛУБЫНЫҢ МҮШЕЛЕРІ АҚШ-ТЫҢ ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ЕЛШІСІМЕН КЕЗДЕСТІ

ЕРНҰР АҚАНБАЙ

Бүгін Астанада Қазақстандағы бұқаралық ақпарат құралдарын біріктіретін «Бас редакторлар клубы» қоғамдық бірлестігінің мүшелері АҚШ-тың Қазақстандағы Төтенше және өкілетті Елшісі Ричард Хоугландпен кездесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Оның барысында тараптар аталмыш клуб пен АҚШ-тың еліміздегі Елшілігі арасындағы өзара ынтымақтастықты жолға қойып, оны дамыту мәселелерін талқылады. Кездесуде Қазақстанның 2010 жылғы ЕҚЫҰ-ға төрағалығы, Қазақстандағы демократияны дамыту, «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» заң жобасына енгізілген түзетулер, сондай-ақ қазіргі таңдағы өзекті халықаралық проблемалар туралы пікір алмасылды. Кездесуді ашқан «Бас редакторлар» клубының президенті Ерболат Күнбаев клуб атынан елшіні Барак Обаманың АҚШ-тың 44-ші президенті болып қызметке кірісуімен құттықтады. Содан кейін Р. Хоугландқа бас редакторлар клубының міндеттері мен мақсаттары туралы кеңінен ақпарат берді. «Қазіргі таңда клубтың 70 мүшесі бар. Біз мемлекет қайраткерлерімен, әртүрлі ауқымдағы шенеуніктермен кездесіп, бейресми жағдайда түрлі көкейкесті мәселелер бойынша пікір алмасамыз. Клубтың негізгі міндеті журналистік қоғамдастықты біріктіру болып табылады», деді клуб президенті. Осы орайда ол клубтың өкілдері еліміздің «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» заң жобасын әзірлеу жөніндегі жұмыс тобының құрамына еніп, оған белсене атсалысқанын атап көрсетті.

Бұдан бөлек клуб «Нұр Отан» партиясымен бірлесіп жемқорлыққа қарсы күрес жұмысына да белсене атсалысып жатыр. Сөз арасында М. Күнбаев елшіге АҚШ-тың жетекші журналистерін Қазақстанға шақырып, шеберлік сабақтарын өткізу, сондай-ақ өзара тәжірибе алмасу туралы ұсыныс жасады. Өз кезегінде Р. Хоугланд мұндай кездесу жеке басы үшін аса пайдалы екендігіне тоқталып, елшілік «Бас редакторлар» клубымен ынтымақтастықты жолға қойып, дамытуға бейіл екендігін атап көрсетті.

Сонымен қатар ол Елшіліктің жұртшылықпен байланыс бөлімінің жұмысы туралы мол ақпарат берді.

 

 

 

 

ҚАЗАҚПАРАТ, 22.01.2009, ҚАЗАҚСТАННЫҢ РЕСЕЙДЕГІ ЕЛШІСІ ЖЕТЕКШІ РЕСЕЙЛІК БАҚ БАСШЫЛАРЫМЕН КЕЗДЕСТІ

Бүгін Мәскеудегі Қазақстан Елшілігінде Қазақстанның Ресейдегі Төтенше және Өкілетті елшісі Әділбек Жақсыбеков ресейлік жетекші бұқаралық ақпарат құралдарының басшыларымен кездесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. Кездесуге белгілі журналист, Федерация Кеңесінің мүшесі А.Школьник, РТР саяси шолушысы С.Брилев, «Ресей радиосы» бас директоры В.Умановский, «Аргументы и факты» баспа үйінің басшысы А.Страхов, «Жаңалықтар» ақпараттық агенттігінің, «Мир» телекомпаниясының, «Огонек», «Итоги» журналдарының, «Комсомольская правда», «Коммерсант» газеттерінің және басқа да басылымдардың өкілдері қатысты. Дипломатиялық миссия басшысы Қазақстанның 2008 жылдағы әлеуметтік-экономикалық және ішкі саяси дамуының негізгі қорытындылары, сыртқы саясат саласындағы басымдықтар, атап айтқанда, Қазақстанның «Еуропаға жол» мемлекеттік бағдарламасының орындалуы, еліміздің 2010 жылы ЕҚЫҰ-ға және 2011 жылы ? Ислам конференциясы ұйымына төрағалық етуге, 2009 жылы күзде Астанада өтетін Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының ІІІ съезіне әзірлігі туралы әңгімелеп берді. Елшінің пікірінше. 2009 жылы қазақстан-ресей ынтымақтастығын одан әрі жеделдету жөнінде алда көптеген жұмыстар бар. Бұл орайда Қазақстан мен Ресей президенттерінің Бурабайдағы кездесуінде белгіленген отын-энергетика кешені, ғарышты игеру, атом өнеркәсібі, коммуникациялар, аграрлық және басқа салалар бойынша нақты 40 бірлескен жобаны жүзеге асыруды көздейтін 2009-2010 жылдарға арналған бірлескен іс-қимыл жоспарына баса назар аударылды. Бұдан басқа 2009 жылғы сәуірден бастап Ресей, Беларус және Қазақстан кедендік одағы қызметін бастау үшін қажетті құжаттар топтамасы қалыптасқаны атап көрсетілді. Жылы шырайлы әңгіме үстінде Ә.Жақсыбеков Қазақстанның дағдарысқа қарсы шараларды әзірлеу және жүзеге асырудағы жинақталған тәжірибесіне, екі елдің дағдарыс пен оның салдарын бірлесе отырып еңсерудегі күш-жігеріне, сондай-ақ басқа да мәселелерге қатысты ресейлік журналистердің сұрақтарына жауап қайтарды.

 

ҚАЗАҚПАРАТ, 26.01.2009,ӨТКЕН ЖЫЛДЫҢ 11 АЙЫ ІШІНДЕ ҚАЗАҚСТАН-ГЕРМАН САУДА АЙНАЛЫМЫ 2,9 МЛРД. ДОЛЛАРДЫ ҚҰРАҒАН - СІМ

ҚАНАТ МӘМЕТҚАЗЫҰЛЫ

Өткен 2008 жылдың 11 айы ішінде Қазақстан-герман сауда айналымы 2,9 млрд. долларды құраған. Бүгін дәстүрлі брифинг барысында Мемлекет басшысының Германияға сапарына тоқтала келе, Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Ержан Ашықбаев осылай мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Ресми өкілдің айтуынша, Қазақстан-герман байланыстарының маңызды бөлігін сауда-экономикалық ынтымақтастық қатынастары құрайды әрі бұл бағытта белсенді дамушылық сақталып отыр. Сондай-ақ Германия Қазақстанның сыртқы саудадағы аса ірі алты әріптестерінің қатарына кіретін мемлекет болып табылады. «Өткен жылдың 11 айы ішінде екі мемлекет арасындағы сыртқы сауда айналымы 2,9 млрд. долларды құрады. Оның ішінде экспорт 0,6 млрд. долларды, ал импорт 2,3 млрд. долларды құраған. Жалпы 2007 жылы екі мемлекеттің сауда айналымы 2,9 млрд., 2006 жылы 2,3 млрд. доллар шамасында болатын. Германия Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалығын және ДСҰ-ға кіруін қолдайды әрі Қазақстанның Экономикалық Ынтымақтастық Даму Ұйымындағы несиелік рейтингісінің жақсаруына көмек беріп келеді», деді Е. Ашықбаев.

ҚАЗАҚПАРАТ, 27.01.2009, ГРУЗИЯ ЕЛШІСІ ҚАЗАҚСТАННЫҢ 2010 ЖЫЛЫ ЕҚЫҰ-ҒА ТӨРАҒАЛЫҚ ЕТУІНЕ ҮЛКЕН МӘН БЕРЕТІНІН ЖЕТКІЗДІ

 АЙДЫН БӘЙМЕН

 «Мен Қазақстан елі мен халқының үлкен жетістіктерге жете беруін тілеймін». Бұл жүрекжарды сөзді Грузия Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Зураб Шургаия айтты. Грузия Елшісі бүгін Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Төрағасы Орал Мұхамеджановпен кездесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Бұл кездесу елшінің дипломатиялық қызметінің аяқталуына байланысты өтті. Мәжіліс төрағасы елшінің төрт жыл ішінде қос мемлекет арасында ынтымақтастық байланыстың дамуына қосқан үлесі үшін ризашылығын білдірді. Соңғы жылдары сауда-экономикалық байланыспен бірге парламентаралық қарым-қатынас, тәжірибе алмасу барысы да жан-жақты дамып келеді. Мейман өз кезегінде ТМД елдері арасында бірінші болып, Қазақстанның 2010 жылы ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуіне үлкен мән беретінін және көптеген мәселелердің шешілуіне қазақ елінің атсалысатынына да сенімді екенін жеткізді.

 

ҚАЗАҚПАРАТ, 27.01.2009, ҚАЗАҚСТАН МЕН ЧЕХИЯНЫҢ ӘРІПТЕСТІК БАЙЛАНЫСЫ ДАМИ ТҮСПЕК

Бүгін Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Төрағасы Орал Мұхамеджанов Чех Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Берджих Копецки мырзамен кездесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Мәжіліс төрағасы 2010 жылы Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуі жөніндегі шешім қабылданарда Чехия тарапынан қолдау жасалғаны үшін ризашылығын білдірді. «Екі ел арасындағы экономикалық ынтымақтастық байланыс дамып келеді. Алайда, әлі де оның қарқынын арттыра түсуге мүмкіндік бар»,- деді О.Мұхамеджанов.

Еліміздің Статистика агенттігінің мәліметіне сүйенсек, 2008 жылдың қаңтар-желтоқсан айларының ішінде Қазақстан мен Чехия арасындағы тауар айналымы 259,2 млн АҚШ долларын құраған. Оның ішінде экспорт 73,1 млн доллар, импорт 186,1 млн долларды құрап отыр. Чех елінің капиталы қатысуымен Қазақстанда 72 бірлескен кәсіпорын жұмыс істейді. Бүгінгі таңда елімізде Чехияның 16 фирмасының өкілдігі тіркелген. Палата жетекшісі қазір шетелде білім алып жатқан қазақстандық жастардың 500-і Чехияда екенін, оның ішінде 80 студент «Болашақ» мемлекеттік бағдарламасы бойынша білім алып жатқанын айтып өтті. Тараптар алдағы уақытта екі мемлекет арасындағы байланысты жаңа деңгейге көтеруге толық мүмкіндіктер бар екенін атады.

 

ҚАЗАҚПАРАТ – 31.01.2009, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ЕҚЫҰ ЖАНЫНДАҒЫ ТҰРАҚТЫ ӨКІЛІ Қ. ӘБДІРАХМАНОВ ВЕНАДАҒЫ ҰЙЫМНЫҢ ТҰРАҚТЫ КЕҢЕСІНІҢ ОТЫРЫСЫНА ҚАТЫСТЫ

Венада Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық ұйымы Тұрақты кеңесінің апта сайынғы кезекті отырысы болып өтті. Сессияның аясында Чех Республикасының сыртқы істер министрі Карел Шварценберг сөз сөйлеп, Еуроодақта өз елінің төрағалық етуіндегі сыртқы саясаттың басымдығын, сондай-ақ ЕҚЫҰ-мен өзара іс-қимыл перспективаларының жай-күйін ұсынды. Бұл жөнінде ҚазАқпарат ЕҚЫҰ жанындағы ҚР Тұрақты өкілдігінің ақпаратына сілтеме жасап хабарлайды. Энергетикалық қауіпсіздікті нығайту аясында К.Шварценберг Еуроодақтың Орталық Азия елдерімен барынша тығыз қарым-қатынас жасау маңыздылығын атады. Отырыста сөз сөйлеген Қазақстан Республикасының ЕҚЫҰ жанындағы тұрақты өкілі Қайрат Әбдірахманов Чехияның басшылығы жылжытып отырған Еуроодақтың, әсіресе орталықазиялық бағыттағы басымдықтарын қуаттайтынын білдірді. Қазақстандық тарап өзара мүдделілікпен кең көлемде жемісті ынтымақтастық үшін әрекет етеді. Қазақстанның Еуроодаққа қатысты негіз қалаушы құжаттарының бірі «Еуропаға жол» бағдарламасы болып табылады. Министр К.Шварценберг өзінің қорытынды сөзінде Еуроодақ пен Қазақстан арасындағы ынтымақтастықты одан әрі тереңдетудің және кеңейтудің маңызы туралы тезисті қолдады.

 

 

 

 

ҚАЗАҚПАРАТ, 03.02.2009,МӘЖІЛІС ДЕПУТАТЫ НИДЕРЛАНДЫ КОРОЛДІГІНІҢ АДАМ ҚҰҚЫҚТАРЫ ЖӨНІНДЕГІ ЕЛШІСІМЕН КЕЗДЕСТІ

АЙДЫН БӘЙМЕН

Бүгін Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Адам құқығы жөніндегі комиссиясының төрағасы Сағынбек Тұрсынов Нидерланды Королдігінің Адам құқықтары жөніндегі елшісі Арьян Хамбургермен кездесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Кездесуде сұхбаттасушылар адам құқықтары, көші-қон мәселелері туралы ойларын ортаға салды, аталған мәселелерді заңмен реттеу жөніндегі пікірлер айтылды. Сағынбек Тұрсынов еліміздегі дайындалған Қазақстандағы адам құқықтарының жағдайы туралы базалық баяндама жөнінде және аталған тақырыпты қамтитын Ұлттық Жоспардың жобасы жайлы айтып берді. Мұндай құжат ТМД елдері бойынша тұңғыш рет біздің мемлекетте әзірленген. Аталған баяндама арнайы әлеуметтік зерттеулердің нәтижелері бойынша әзірленген. Бұл құжатта осы саланы қамтитын ұлттық заңнамаға салыстырмалы сараптама жасалған. Сонымен қатар мұнда Қазақстан заңнамасын халықаралық пактілер мен конвенциялардың нормаларымен сәйкес келтіре отырып жетілдіру мақсатындағы нақты ұсыныстар көрініс тапқан. Сондай-ақ мемлекеттік органдардың қызметіне баға берілген. Азаматтарға тегін құқықтық ақпараттар беретін елімізде сандық кітапхана ашылды. Кездесуде Қазақстан Президентінің Жарлығымен бекітілген «Еуропаға жол» мемлекеттік бағдарламасының ұстанған бағыт-бағдары жөнінде, сондай-ақ Қазақстанның 2010 жылы ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуіне байланысты дайындық жұмыстары туралы әңгіме өрбіді. Мейман Қазақстанның алдағы уақытта жетістіктерге жете беруіне тілек білдірді. «Біз Қазақстанға достық пейілмен қараймыз»,- деді елші Арьян Хамбургер. Осы басқосуға Қазақстан жағынан Мәжіліс депутаты Айгүл Соловьева, ҚР Президенті жанындағы Адам құқығы жөніндегі комиссиясының хатшысы Тастемір Әбішев қатысты.

 

ҚАЗАҚПАРАТ, 03.02.2009, МӘЖІЛІС ДЕПУТАТТАРЫ МЕН ЧЕХ ЕЛШІСІ ЕКІ ЕЛ АРАСЫНДАҒЫ БАЙЛАНЫСТЫ ДАМЫТУ ЖӨНІНДЕ ПІКІР АЛМАСТЫ

Бүгін Чех Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Берджих Копецки Мәжіліс үйіне келіп, бір топ депутаттармен жүздесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің хатшысы Виктор Рогалев өз сөзінде Қазақстан мен Чехия арасындағы ынтымақтастық байланысты жан-жақты дамыту жөнінде айтып өтті. Чех елшісі 2009 жылы Қазақстан үшін маңызды істер атқарылатынын, Қазақстанның 2010 жылы ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуіне байланысты дайындық жұмыстары жүргізілетінін тілге тиек ете келіп, елімізге және парламентшілерге тілектестігін жеткізді. Тараптар елдер арасындағы саяси ортақ көзқарастардың арқасында қол жеткізілген келісімдердің нәтижесінде жүзеге асырылатын сауда-экономикалық байланысты дамыту арқылы әлемдік қаржы дағдарысына қарсы тұруға болатындығын айтты. Кездесуде парламентшілердің іс-тәжірибе алмасу барысын жандандыру мәселелері сөз болды. Кездесуге Қазақстан-Чех достық тобының мүшелері Дауылбай Құсайынов, Асхат Бекенов, Людмила Хочиева, Валерий Котович, Қылышбай Бисеновтер қатысып, достық қарым-қатынас туралы ой-пікірлерін ортаға салды.

 

 

ҚАЗАҚША
Русская версия
English Version
Бізбен болыңыздар
KAZAKHSTAN'S MINISTRY OF FOREIGN AFFAIRS
ҚР CIМ веб-порталдың картасы
ҚР СІМ реквизиттері
2012-05-14
ҚР СІМ Ресми өкілі – Халықаралық ақпарат Комитетінің төраға міндетін атқарушы Алтай Әбибуллаевтың брифингтегі сөзі Астана, 14-ші мамыр 2012 жыл  
 
2012-05-11
Қазақстан Республикасы мен Қытай Халық Республикасы сыртқы істер министрлерінің кездесуі туралы  
 
2012-05-11
ҚР Премьер-Министрінің Орынбасары Қайрат Келімбетов Оңтүстік Корея мемлекетінің Ёсу қаласында өтіп жатқан Халықаралық «ЭКСПО-2012» көрмесінің ашылу салтанатына қатысты  
 
2012-05-11
Шанхай Ынтымақтастық Ұйымына мүше-мемлекеттерінің Сыртқы істер министрлер Кеңесінің отырысы туралы (Бейжің қ., 2012 ж. 11 мамыр)  
 
2012-05-10
Қазақстан Сыртқы істер министрі Е. Қазыхановтың Ашғабадқа сапары туралы  
 






СІМ басылымдары
www.astanatimes.kz
astana calling

памятка


2012 © ҚР СІМ ақпараттық сервері Мәлімет таратылуына тыйым салынбайды 
"Центр технической компетенции DEMEU" ЖШС